1 қазаннан бастап қазақстандықтар онлайн-кредит рәсімдер алдында сауалнамадан өтеді. Тиісті норма Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген Банк қызметін жүзеге асыру шарттарына қойылатын талаптарға енгізілді.
Енді банктер мүлкі кепілге қойылмаған тұтынушылық қарыз шартын жасаспас бұрын клиенттерге қосымша сұрақтар қоюға міндетті. Мұндай ережелер алаяқтық жағдайларының алдын алу үшін енгізілуде.
Сауалнама жеті сұрақтан тұрады:
- Сізге бұл кредитті рәсімдеуді кім ұсынды?
- Сіз банкке өз бастамаңызбен жүгіндіңіз бе, әлде басқа тұлғалардың (қауіпсіздік қызметінің, құқық қорғау органдарының, бейтаныс адамдардың және т.б.) өтініші бойынша ма?
- Кредитті қандай мақсатта рәсімдеп жатырсыз?
- Кредит шарттарымен (сомасы, мерзімі, пайыздық мөлшерлемесі, өтеу кестесі) таныстыңыз ба?
- Сізге ешкім қысым жасап немесе кредитті рәсімдеуге асықтырып жатқан жоқ па?
- Сізге кредитті рәсімдеуді банк қызметкерлерінен немесе жақындарыңыздан жасыруға кеңес берілді ме?
- Бұған дейін сізге "ақшаңызды қорғау" немесе "шот бойынша операцияларды тексеру" туралы ұсыныспен қоңыраулар түсті ме?
Оқи отырыңыз: Оқушылар мектепте қандай жағдайларда смартфон қолдана алады
Егер сауалнама нәтижелері бойынша банк қызметкерлері алаяқтық белгілерін яғни бөгде тұлғалардың ықпалын анықтаса, қосымша тексеру жүргізуі тиіс. Оның қорытындысы бойынша қаржы ұйымы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
- банк қарызы шартын жасасу туралы;
- анықталған мән-жайлар жойылғанша шарт жасасуды тоқтата тұру туралы;
- бас тарту туралы.
Егер банк клиенттің дербес деректерінің заңсыз таралуын анықтаса, мынадай қауіпсіздік шараларын қабылдауы тиіс:
- қайта биометриялық сәйкестендіруді (аутентификацияны) сұрау;
- ұялы байланыс абоненттік нөмірінің тұтынушыға тиесілігін тексеру;
- көрсетілген нөмірге тексеру қоңырауын шалып, тұтынушыға оның дербес деректерінің ұрланғанын хабарлау және заемдарды рәсімдеуге өз еркімен тыйым салуды орнату жөнінде кеңес беру.
Жаңашылдық 1 қазаннан бастап күшіне енеді.