Қазақстандықтардың 80 пайызы ел дұрыс бағытта дамып келеді деп санайды – сауалнама

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Респонденттердің 73,6%-ы әлеуметтік-экономикалық жағдайға оң баға берген.

Қоғамдық саясат институты 2025 жылы 18 маусым мен 4 шілде аралығында жүргізген сауалнамасының қорытындысын жария етті. Ол ел дамуына қатысты бағалардың тұрақты екенін көрсеткен. 

"Бұл – таңдалған бағытқа қатысты қоғамда консенсус сақталып отырғанын және әлеуметтік көңіл-күйдің орнықты болып отырғанын көрсетеді. Респонденттердің басым бөлігі (79,4%) ел дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды", – делінген зерттеу қорытындысында. 

Әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты да оң пікірлер байқалады. Маусым айында сауалнамаға қатысқандардың 73,6%-ы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ахуалын оң бағалаған. Бұл – халықтың қазіргі жағдайды қабылдауында тұрақтылық қалыптасып келе жатқанының белгісі.

Саяси жағдай да негізінен оң бағаланған: респонденттердің 76,2%-ы қазіргі саяси ахуалға қанағаттанатынын білдірген.

Қоғам тарапынан берілген жоғары баға көбіне саяси, әлеуметтік-экономикалық және психологиялық факторлардың үйлесіміне байланысты. Атап айтқанда, ЖІӨ-нің 6%-ға өсуі, жаңа инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың салынуы мен пайдалануға берілуі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен көлік инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары бұл бағаға әсер еткен.

Серіктестер жаңалықтары