Сұлулық салондарының әлемдік нарығы қарқынды түрде дамып келеді және дамуын одан әрі жалғастырады. Fortune Business Insights деректері бойынша 2021 жылы аталмыш нарықтың жалпы көлемі 201,9 млрд долларды құрады. Болжам бойынша 2029 жылға қарай 355,4 млрд долларға жетеді. 2022-2029 жылдар аралығында орташа жылдық өсу қарқыны 7,4% болмақ. Jusan Analytics зерттеу орталығы өзінің кезекті жұмысында сұлулық салондарының әлемдік және қазақстандық нарықтарының жай-күйін, көлемін, бьюти-индустрияның сипаты мен үрдістерін талдай отырып, осындай цифрлар келтірді, деп хабарлайды Jusan Analytics зерттеу орталығы.
Қазақстанның сұлулық салондары нарығы да серпінді даму жолына түскен. Ең танымал қызмет – шаш күтімі. Мамандардың айтуынша, отандық нарықта сұлулық салондары арасында бәсекелестік жоғары.
"Бүгінде Қазақстанның сұлулық салондары нарығының жалпы көлемі 484 млрд теңгені құрайды (шамамен 1 млрд доллар) немесе халықтың жан басына шаққанда 14 доллардан келеді. Елімізде барлығы 9 000 жуық салондар мен моносалондар бар. Клиенттердің жалпы саны – 12 млн адам. Бір адам салонға жылына орта есеппен 7 рет барады. Әр барғанда эконом-класс бойынша 3 800 теңге жұмсайды", – дейді Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы Нарқыз Мәкенова.
Оның пікірінше, ел экономикасы дамыған сайын адамдар бьюти қызметтерге ақшаны көптеп жұмсайды. Бүгінде елімізде халықтың жан басына шаққанда бьюти-қызметтерге жұмсалатын шығындар жалпы ішкі өнімнің 0.1 пайызына (немесе 6 300 теңге) тең.
Оқи отырыңыз: Көктемде бетімізге қалай күтім жасаймыз? Косметолог Алтын Сартаймен сұхбат
Бүгінде әлемдік сұлулық салондары нарығында әртүрлі үрдіс пайда болуда. Бұл елімізге де тән. Мысалы, бәсекенің күшеюіне байланысты кейбір салондар стоматология және косметологиялармен бірігуде. Тек табиғи өнімдер мен материалдарды пайдаланатын экологиялық салондар бар. Сондай-ақ уақыт үнемдеуге бағытталған дербес экспресс-қызметтер де танымал болуда. Ал Қазақстанда әлі де классикалық сұлулық салондары өте танымал.
"Ұлттық статистика деректері бойынша 2022 жылы бьюти-индустрия саласында көрсетілген қызметтер көлемі 34 млрд теңгеден асты. Эконом-класты салондар қызметінің 90 пайызы – стандартты қызметтер: шаш қырқу, шашты сәндеу, маникюр және педикюр. Тырнақ сервисі, косметология немесе шугаринг саласына маманданған моносалондар да бар. Олар қазір нарықтың 4 пайызына ие. Ал тек ерлерге арналған барбершоптар нарықтың шамамен 15 пайызын алады", – деді Нарқыз Мәкенова.
Зерттеу аясында әсіресе Алматы мен Астанадағы сұлулық салондары сараптан өткізілді. Расында да оңтүстік және солтүстік астанадағы сұлулық салондарының нарығы еліміздегі жалпы нарықтың 40 пайызын алып жатыр.
Оқи отырыңыз: Көктемде қалай арықтап, дұрыс тамақтану керек? Нутрицолог кеңестері
"Алматыдағы сұлулық салондары нарығының көлемі – 142 млрд теңге. Клиенттер саны – 1,3 млн адам. Бір адам жылына салонға орта есеппен 7 рет барады. Эконом-класс бойынша орташа баға – 4 400 теңге. Жыл сайын салондарының шамамен 21 пайызына жабылады және сондай деңгейде қайта ашылады. Астанадағы нарықтың көлемі – 55 млрд теңге. Клиенттер саны – 800 мың адам. Бір адам жылына 7 рет барады. Эконом-кластық баға – 3 400 теңге. Жыл сайын салондардың шамамен 16 пайызы әртүрлі себеппен қызметін тоқтатады. Бірақ олардың орнын осындай деңгейде басқа салондар басады. Жалпы елімізде сұлулық салондарының 40 пайызы жаңадан ашылған немесе ашылғандарына көп болмаған", – дейді Н. Мәкенова.
Оның айтуынша Қазақстанда бір сұлулық салоны айына орта есеппен 1 000 адамға дейін қызмет көрсетеді. Бұл ретте сұлулық салондары мен шаштараздар ең аз шоғырланған қалалар: Түркістан, Атырау, Шымкент, Қызылорда, Семей және Ақтөбе. Бұл қалаларда 1 сұлулық салонына 1 000 астам адамнан келеді. Қалған қалаларда салондар көп: 1 салонға келетін адамдар саны 1000-ға жетпейді.
Айта кетелік, зерттеу аясында мынадай деректер анықталды: қазақстандықтардың көпшілігі (62%) қандай салон таңдаса, жыл бойына тек соған ғана барады екен. Ал 36 пайызы жылына 2-5 салон ауыстырады. 20-30 жас аралығындағылардың 41 пайызы салон мен шаштараз ауыстырғанға бейім. Ал 40 жастан асқандардың (қазақстандықтардың 59%-ы) бейілділігі жоғары: олар жылына 1-2 салонға ғана барады.
Сондай-ақ әйелдер арасында сұлулыққа ең көп жұмсайтындар – 31-35 жастағылар екен. Өйткені осы кезеңде жалақылары жоғарылайды. Ал ерлер үшін бьюти-қызметтерге жұмсалатын шығындардың шарықтау шегі – 46-50 жас аралығына сәйкес келеді. Өйткені бұл кезеңде ерлер де жоғары табысқа қол жеткізеді.