Тікелей эфир

Қазақстандықтар тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша оқудан өтуге мүмкіндік алады

depositphotos.com
depositphotos.com
Әрбір адам өз өмірінде кем дегенде бір рет дүкенге қажет емес нәрсені тапсыруға барған немесе сатушы, өндіруші, орындаушымен келісімшарт жасаған.

Сондықтан "Тиісті сападағы тауарды айырбастау немесе қайтарып бергісі келетін тұтынушының қандай құқығы бар?" және "Келісім-шарт жасасу кезінде тұтынушылардың құқықтарын бұзатын талаптар қандай?" деген сұрақтардың туындауы заңдылық. Осы және басқа да көптеген сұрақтардың жауабын тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша оқыту курсында табуға болады. Бұл бағдарлама өзектілігін ешқашан жоғалтпайды, себебі өз құқықтарын білетін азаматта үлкен артықшылықтар бар.

Оқыту курстарының басты мақсаты – құқықтық мәдениетті арттыру және тұтынушылардың заңды құқықтары бойынша оқу-ағарту жұмыстарын жүргізу болып табылады. Бұл жоба ҚР сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылып отыр.

Айта кететін жайт, оқыту мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүргізіледі және нәтижесінде ұйымдастырушылар 480 адамды оқытып, олардың 50%, яғни тең жартысы азаматтарға кеңес беру арқылы алған білімдерін іс-тәжірибе жүзінде қолдана алады деп жоспарлап отыр, сонымен қатар әлеуетті 2 мың астам адам кеңес алып, кем дегенде 20 адам Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау аумақтық департаменттерінде тәжірибеден өте алады, дейді олар.

Осы орайда бағдарлама бойынша оқуды кім және қашан бастай алады және жобаның географиясы қандай деген тақырыптарға бағдарламаның кеңесшісі, "Қазақстанның болашағы үшін жастар қозғалысы" қоғамдық бірлестігінің өкілі Талғат Тынбаевпен сұхбаттастық.

– Оқу бағдарламасын дайындау процесіне қанша адам қатысты?

– Оқу бағдарламасын 4 адам әзірледі. Олардың бәрі құқықтану саласында жұмыс істейді, магистр дәрежесі бар. Оқыту бағдарламасын біз 2 ай бойы жасадық. Бұрын өткізілген курстардың озық тәжірибесін ескеруге тырыстық.

– Оқытуды қашан бастауды жоспарлап отырсыз және қай қалалар қамтылады?

– Оқыту кезең-кезеңмен өтеді және 2 кезеңнен тұрады – офлайн және онлайн. Бірінші кезең осы жылдың шілде айында басталып, офлайн режимінде өтеді. Ал екінші кезең тамыздан қыркүйекке дейін жалғасады және ол онлайн режимде өтеді. Сондай-ақ, тағылымдамадан өту жоспарланып отыр, ол биылғы тамыздан қарашаға дейін созылады.

Шілде айында Астана, Алматы, Шымкент, Петропавл, Көкшетау, Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау, Қызылорда және Өскемен қалаларының қатысушылары оқуды бастап кетеді. Кесте бойынша сабақтар 32 сағатты құрайды.

Бір жылдың ішінде кем дегенде 480 адамды оқытуды жоспарлап отырмыз.

– Оқуға кімдер қатыса алады? Жас және кәсібі бойынша шектеулер бар ма?

– Тренингке 18 жастан асқан кез келген Қазақстан Республикасының азаматы өтініш беріп, қатыса алады. Бұл жерде қызмет саласы оқу бағдарламасына барынша жақын немесе сәйкес келетін үміткерлерге артықшылық берілетінін атап өткім келеді. Яғни, олар кәсіпкерлер, құқықтану және экономикалық мамандықтардың студенттері, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын жеке мамандар да болуы мүмкін.

– Қанша қала мен ауданды қамтуды жоспарлап отырсыз?

– Бүкіл Қазақстан, яғни 20 аймақ қамтылады. Жоғарыда айтып кеткендей, Астана, Алматы, Шымкент, Петропавл, Көкшетау, Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау, Қызылорда және Өскеменде оқу оффлайн режимінде өтеді. Ал Семей, Талдықорған, Қонаев, Тараз, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Түркістан және Жезқазған қалалары үшін тікелей эфир режимінде онлайн оқыту бағдарламасын дайындадық. Сондай-ақ, еліміздің шалғай елді мекендердің тұрғындары да бізге қосылады деп күтеміз.

– Оқуға қалай өтініш беруге болады?

– Өтінішті жіберу өте оңай. Ол үшін oodmbkkrg@gmail.com "Қазақстанның болашағы үшін жастар қозғалысы" қоғамдық бірлестігіне хат жазу керек. Үміткердің оқу-әдістемелік кешенге қатысуын рәсімдеу үшін біздің мамандар өзі хабарласады.

– Оқытудан қандай нәтиже күтесіз?

– Біздің оқыту нәтижесінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша әлеуметтік шиеленіс деңгейі төмендейді деп үміттенеміз.

Бізде білім алғандар ҚР қолданыстағы заңнамасы және оны тәжірибеде қолдану әдістері туралы білім алады, сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын қорғау тақырыбында жазылған отандық және шетелдік авторлардың оқу әдебиеттерімен қамтамасыз етіледі.

Бағдарлама барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ұлттық және шет мемлекеттердің заңнамасын қолдану тәжірибесі бойынша салыстырмалы талдау жүргіземіз.

– Жаттығу туралы және оның барысы мен нәтижелері туралы ақпаратты қалай және қайда таратуды жоспарлап отырсыз?

– Әлеуметтік желілер арқылы халықты ақпараттандыруды жоспарлап отырмыз, сонымен қатар БАҚ өкілдеріне де ақпарат жібереміз деп жоспарлап отырмыз.

Оқыту бағдарламасы авторларының айтуынша, ең соңында тестілеу ұйымдастырылады. Үздік нәтиже көрсеткендер Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау аумақтық департаментіне тәжірибеден өтуге шақырылады. Бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын органдардың қызметімен нақты танысуға керемет мүмкіндік деп есептейді ұйымдастырушылар.

Серіктестер жаңалықтары