Бұл бағытта белсенді жұмыс студенттерге белгілі бір кітапты іздеу барысында ыңғайлы сервис ұсыну, сондай-ақ кітапханашыларға кітапхана қорымен жұмыс істеу үшін ыңғайлы құрал жасау үшін жүргізіледі. Енгізіліп жатқан автоматтандырылған жүйелер оқырмандар санын арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және уақытты үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды ҚР білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Мысалы, жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде Қарағанды техникалық университетінде оқырмандар саны 17 мыңға дейін артты. Биыл жоғары оқу орны әдебиет сатып алуға 10 миллион теңгеге жуық қаражат бағыттады. Енді кітапхана қоры 1 миллион данадан асады. Бүгінгі таңда олардың 4 мыңнан астамы цифрландырылған.
Торайғыров университетінде отандық жоғары оқу орындары арасында ең ірі кітапханалардың бірі жұмыс істейді. Кітап қоры 700 мың данадан асады. Студенттердің кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында кітапханада ауданы 1560 шаршы метр коворкинг-орталық, конференц-зал және студенттерге арналған демалыс орындары ашылды.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде қажет кітап пен оқу құралын тауып беретін құны 5 млн теңгеден асатын заманауи іздеу жүйесі енгізілді. Бүгінгі таңда қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі 3 мыңнан астам кітап пен оқулық цифрлық форматқа көшірілді. Университеттің электрондық каталогында барлығы 265 мың кітап пен мақала бар. Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ кітапханасының материалдық-техникалық базасы барлық заманауи әлемдік талапқа сай, онда 130-дан астам жаңа компьютер орнатылған. Жоғары жылдамдықты интернет, сондай-ақ республикалық жоғары оқу орындары арасындағы электрондық кітапхананың меншікті және корпоративтік ресурстары пайдаланушылардың иелігінде.
Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты да электрондық кітапханамен қамтамасыз етілді. Кітап қорын автоматтандыруға, жаңа басылымдармен толықтыруға 11 миллионнан астам теңге жұмсалды. Енді АрқПИ кітапханасының жалпы кітап қоры 300 мың данадан асады.
"Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының алдына студенттердің оқуға деген қызығушылығын арттыру және қажетті ақпаратты іздеу барысында ыңғайлылықты қамтамасыз ету міндетін қойды. Сондықтан қазір жоғары оқу орындары автоматтандырылған жүйелерді енгізу үшін шығындарды, техникалық қолдау шығындарын, қызметкерлерді оқыту, кітапхананың талаптарына сәйкес жүйелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін қаражат жұмсайды. Сонымен қатар жоғары оқу орындары кітапхана қорын жаңа басылымдармен толықтыруда. Медиаресурстар — электрондық оқулықтар, энциклопедиялар, оқу құралдары және басқа да әдебиеттер көбейді. Басқа электрондық кітапханалардың толық мәтінді және мультимедиялық ресурстары, соның ішінде Web of Science және Scopus халықаралық базалары қолжетімді. Бұл шаралар студенттеріміз үшін барынша жағдай жасау мақсатында қабылданып жатыр", – деп атап өтті білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде соңғы екі жылда электрондық кітапханаға келушілер саны екі есе артты. Осы оқу жылының қыркүйек айында кітапханаға екі мыңнан астам студент тіркелген. Соңғы үш жылда университет кітапханасының қызметкерлері 6 мың кітапты электрондық нұсқаға ауыстырған. Кітаптардың қатарында үш жүз жыл бұрынғы сирек басылымдар да бар. Кітапхана сайтында Қазақстан мен әлемнің электрондық кітапханаларына көптеген сілтеме табуға, сонымен бірге "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы шеңберінде қазақ тіліне аударылған басылымдармен танысуға болады.
Қарағанды индустриалдық университетінің ғылыми кітапханасында жаңа оқу әдебиеті көрмесінің ашылуы өтті. Көрмеге 2021 жылы кітапханаға келіп түскен барлық әдебиет ұсынылды. Жалпы саны 2,5 мың дана кітап сатып алынды. Жаңа әдебиеттерді сатып алуға жоғары оқу орны 23 млн теңге қаражат бөлген.
Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің кітапханалық-ақпараттық орталығы "Кітапхана 24/7" форматында жұмыс істейді және "бір терезе" режимінде қызмет көрсетеді. ТарМУ кітапханасының жалпы қоры 1,2 млн данадан асады. Жоғары оқу орнының кітапханалық кеңістігі OPEN SPACE форматына жаңғыртылған. Студенттер үшін "Сreative zone", "Сoworking zone", "Ашық кітапхана" жұмыс істейді.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде электрондық каталог, қазақ, орыс және шет тілдеріндегі библиографиялық және толық мәтінді мәліметтер базасы тәулік бойы қолжетімді. Кітапхана сайты білім алуда ерекше қажеттіліктері бар студенттердің, соның ішінде көру қабілеті нашар пайдаланушылардың жұмысына бейімделген.
Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Шәкәрім атындағы Университет, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және басқа да қазақстандық жоғары оқу орындары кітапханаларды әлемдік стандарттарға сай заманауи ақпараттық-танымдық, студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру және дамыту орталықтарына айналдырып отыр.