Тікелей эфир

Қазақстандық қор Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде 500 мың доллар аударды

"Салиқалы ұрпақ" қорының көмегі алғашқы керек-жарақ, дәрі-дәрмек және өзге де қажетті заттарды сатып алуға жұмсалады.

Меценат Нұрбол Назарбаев Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорының атынан 500 мың АҚШ долларын аударды. Бұл туралы Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи хабарлады. Ол қор басшысымен кездесу өткізіп, тараптар жер сілкінісінен кейінгі жағдайда "Салиқалы ұрпақ" қоры басқа да қандай көмек көрсете алатыны жөнінде кеңесті. 

"Қиын кезеңге тап болған бауырлас Түркия халқына "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қоры қаржылай көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Біз жер сілкінісінен зардап шеккендерге 500 мың доллар аудардық. Қаражат алғашқы керек-жарақ заттар мен дәрі-дәрмек сатып алуға және өзге де қажеттіліктер үшін жіберілді. Бауырларымыз бен әпке-қарындастарымыз басқа түскен қиыншылықты көп ұзамай еңсерсін деп тілейміз", – деді қор директоры Қасым Қасабеков.

Ал Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи өз кезегінде қиын сәтте көмек қолын созған Қазақстан халқы мен мемлекет басшылығына ризашылығын білдірді. 


Оқи отырыңыз: Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі Қазақстанға қарай жылжи ма? Сейсмологпен сұхбат


Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркия еліндегі апатты жер сілкінісінен зардап шеккендерге жедел көмек көрсету үшін 1 миллион доллар қаржы бөлуді тапсырған еді. Жалпы, қазіргі уақытқа дейін қазақстандықтар Түркия тұрғындарына көмек ретінде 2 миллион 849 мың 836 доллар жинады. Барлық қаражат AFAD ресми шотына аударылды.

Ал бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел Үкіметіне Түркияға қосымша гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды


Оқи отырыңыз: Қазақстан Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөледі


Бұл істен тыс қалмаған "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қоры бұған дейін де қайырымдылық бағыттағы жұмыстармен айналысып келеді. Осы уақытқа дейін қор қайырымдылық іс-шаралар мен акцияларға 1 миллиард теңгеге жуық қаржы аударды. Атқарылған игі істер қатарында  коронавирус инфекциясымен күреске 150 миллион теңге бөлу, Мақтаарал ауданында болған су тасқынынан зардап шеккендерге 20 үй тұрғызу, Алматы және Алматы облысындағы мұқтаж отбасыларға 5 үй мен 5 пәтер беру және басқалар бар. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуіне орай, "Қазақстан халқына" қорына 1 миллиард теңге қаражат аударды. 

Сондай-ақ, 2016 жылдан бері қор бастамасымен жетімдерге арналған "Береке үйі" ашылды. Бүгінге дейін 70-тен астам бала тәрбиеленді. Қор 5 жылдан бері балаларға арналған лагерьлерде қайырымдылық спорттық-сауықтыру іс-шараларын өткізіп келеді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары