Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өткен терроризмге қарсы бөлімшелер арасындағы UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысында үздік нәтиже көрсеткен қазақстандық командаларды құттықтады. Бұл туралы ҚР президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияр өзінің Telegram–парақшасында жазды.
Хабарлама бойынша, Kazakhstan C командасы беделді турнирдің абсолютті жеңімпазы атанса, Kazakhstan A жалпы есепте екінші орынды иеленді.
Президент Мемлекеттік күзет қызметі, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінен жасақталған құраманың кәсіби, физикалық және жауынгерлік даярлығының жоғары деңгейін, сонымен қатар сарбаздардың отаншыл рухы мен жеңіске деген ерік-жігерін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар мемлекет басшысы 48 елден 109 команда қатысқан жарыста ел намысын абыроймен қорғаған арнайы жасақ жауынгерлеріне тиісті құрмет көрсетілетінін айтты.

Айта кетейік, Қазақстан атынан күш құрылымдарының қызметкерлерінен жасақталған Kazakhstan A, Kazakhstan B, Kazakhstan C, Kazakhstan D командалары және Kazakhstan Tomiris әйелдер құрамасы қатысты.
Турнирдің басты жаңалығы – Kazakhstan C командасының жеңісі. Команда барлық жарыс күндерінің қорытындысы бойынша UAE SWAT CHALLENGE-2026 турнирінің чемпионы атанды.
Жалпы есепте Kazakhstan A командасы екінші орынды иеленді.