Қазақстандағы зираттар мен қорымдар жекешелендіріле ме? Үкімет жауабы

Фото: Islam.kz
Фото: Islam.kz
Премьер-министр діни қызметтер атқаратын мемлекеттік кәсіпорындар туралы да жауап берді.

Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаты Андрей Лукиннің сауалына орай, Қазақстандағы зираттар мен қорымдардың статусына қатысты жауап берді. 

Еске салайық, Андрей Лукин діни қызметтерді, атап айтқанда, жерлеу қызметін бәсекелестік ортаға беру нарықта қылмыс пен монополияның дамуына алып келетінін айтып, алаңдаушылық білдірген болатын. 

Дегенмен, үкімет басшысы "Мемлекеттік мүлік туралы" заңға сәйкес, жалпы қолданыстағы мемлекеттік мүлікке алаңдар, жүргінші жолдары, көшелер, қоғамдық парктер, зираттар және өзге де қоғамдық құрылыстар мен ғимараттар жататынын алға тартып, зираттар мен қорымдардың жекеменшікке өтпейтінін атады. 

Олжас Бектеновтің айтуынша, 2021-2025 жылға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына зираттарға қызмет көрсететін және діни қызметтер атқаратын мемлекеттік мекемелер де енбеген. 

"Осылайша, зираттардың статусын айқындау мәселесі қолданыстағы заңмен реттелген және оларды жекешелендіру мәселесі де қаралып отырған жоқ", – деп жауап берді үкімет басшысы. 

Айта кетейік, Қазақстан өңірлерінде мұсылмандарды жерлеу рәсімінің түрлі стандарттары қолданылады. Дегенмен, олардың бәрі ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесі қабылдаған "Зират және зиярат ету мәдениеті" және "Ас беру мәдениеті" атты концептуалды құжаттар негізінде бекітіледі. 


Оқи отырыңыз: 


 

Серіктестер жаңалықтары