Су тасқынынан зардап шеккен 717 отбасына жаңа үй мен пәтер берілді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Үкімет су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
“Мәселен, Қостанай облысының тұрғындарына 298 үй/пәтер ұсынылса, Ақмола облысында — 85, Ақтөбе облысында — 121, Солтүстік Қазақстан облысында — 135, Батыс Қазақстан облысында — 70, Қарағанды облысында — алты, Павлодар облысында — екі жаңа баспана берілді. Зардап шеккен тұрғындарға арнап шамамен 1 862 жаңа үй салынып жатыр. 3 981 отбасы тұрғын үйін жөндеуге және қалпына келтіруге деп өтемақы алды. 5 066 отбасына жоғалған аса қажетті дүние-мүлкін сатып алу үшін 150 АЕК мөлшерінде қосымша көмек көрсетілді”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар зардап шеккен 34 ШОБ субъектісінің жалпы сомасы 377 миллион теңгелік шығыны өтелді. Барлық облыста өңірлік және аудандық комиссиялар жұмыс істеп жатыр.
Шығындарды өтеу және құжаттарды тапсыру тәртібін түсіндіру үшін 1432 нөмірі бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП «жедел желісі» іске қосылған.