Қазақстандағы шетелдік компанияларда жұмыс істейтін азаматтар нарықтағы орташа жалақыдан екі есеге жуық жоғары табыс табады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Мәселен, өзге елдің компанияларында қызмет ететін отандастарымыз шамамен 604 мың теңгеден аса айлық алады екен. Бұл ақпаратты бірінші кредиттік бюроның сарапшылары жариялады.
Зерттеу бойынша, отандық компаниялардың орташа жалақысы 365 мың теңге. Әсіресе, шетелдік орта білім беру мекемелерінде қызмет ететін мамандардың табысы өте жоғары. Мұнда қызметкерлерге 1 миллион теңге жалақы төленеді.
Ал қазақстандық білім беру ұйымдарындағы орташа айлық одан үш есе аз.
Одан соң шетелдік тау-кен өндірісіндегі жұмысшылардың табысы 900 мың теңгеге жуық. Бұл көрсеткіш осы саладағы отандық зауыттардың жалақысымен салыстырғанда 14 пайызға жоғары.