Тікелей эфир

Қазақстандағы 63 шаруашылықта үлескерлердің құқығымен байланысты проблема бар

Қызылорда облысының 5 ауылында жер учаскелерінің үлескерлері мен агроқұрылымдардың басшылары арасында келіспеушіліктер болған. 

Парламент мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ғалым Әміреев ауыл тұрғындарын шаруашылық жүргізуші субъектілердің басшыларына, сыйақы төлеу, үлескерлердің шаруашылықтан шығуына кедергі жасау және үлескерлердің келісімінсіз жер учаскелерін кепілге беру мәселесінің алаңдатып отырғанын бөлісті. 

Бүгінгі күні Қызылорда облысының 3 ауданының 5 ауылында жер учаскелерінің үлескерлері мен агроқұрылымдардың басшылары арасында келіспеушіліктер болған. 

"Осыған ұқсас проблема Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында да бар, сондай-ақ басқа да аграрлық өңірлерде жиі туындайды. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша еліміздің 9 өңірінде шамамен бір миллион гектар шартты жер үлестерінен тұратын 63 шаруашылықта шиеленісті жағдай қалыптасып отыр. Бұл ретте заңнамаға сәйкес, мұндай даулар шаруашылық ішінде, оның қатысушыларының жалпы жиналысында шешілуі тиіс. Алайда, қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі негізінде учаскелерді кепілге берудің қолданыстағы тәртібі барлық үлескердің құқығын толық көлемде қамтамасыз ете алмайды. Жергілікті жерлерде шаруашылық басшылары үлескерлердің келісімінсіз үлестік жерлерді кепілге беруге жол беруде", – деді Ғалым Әміреев. 


Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында тұрғындар өз жерін кепілге қойып, 1 млрд несие алған кәсіпкерді таппай отыр


Жер кодексінің 101-бабының 3-тармағы үлескерлердің шаруашылық құрамынан шыққан кезде қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша жер үлесін нақтылы бөліп алуға мүмкіндік береді. Бірақ бұл норма шаруашылықтар үшін жер алқаптары шекараларының тұрақсыз болу тәуекеліне әкеледі. Комитет өкілінің айтуынша, жер учаскелері бар, жұмыс істеп тұрған шаруашылықтар құрамынан үлескерлердің жаппай шығуы бүкіл салаға кері әсерін тигізуі мүмкін.

"Екінші жағынан, жерлері бар үлескерлердің шаруашылықтан шығу мүмкіндігін заңнамалық деңгейде алып тастау үлескерлердің құқықтарын бұзуға әкеледі", – деп қосты Ғалым Әміреев. 

Осы орайда, ол жер мәселелерін қоғамның өткір қабылдауын назарға ала отырып, республикалық деңгейде осыған ұқсас даулардың алдын алу мақсатында үкіметке бірқатар ұсыныс білдірді. 

  • жер қатынастары саласындағы жоғарыда көрсетілген проблемалық мәселелерді жүйелі шешу бойынша шаралар кешенін қабылдау;
  • жергілікті деңгейде алынған жер учаскелерін мақсатты пайдаланудың тиімді тетіктерін әзірлеу;
  • осындай жер дауларын қарау үшін кәсіби медиаторларды тартып, диалог алаңдарын құру;
  • адал үлескерлердің құқықтарын бұзуға жол бермеу және жер пайларына билік етуге байланысты дауларды шешу бойынша жүйелі, оның ішінде заңнамалық шараларды әзірлеу, нақты айтқанда жер кодексіне және "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" заңында үлестерді бөлу процесін регламенттеу және үлескерлерден тұратын серіктестіктердің қызметін реттеу бөлігінде өзгерістер енгізу.

Еске салсақ, Жамбыл облысында тұрғындардың өз жерін кепілге қойып, 1 млрд несие алған кәсіпкерді таппай отырғаны туралы хабарлаған едік. 

Серіктестер жаңалықтары