Қазақстанда жылу мен газдың жалпыға бірдей тарифі енгізілмек, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қарапайым халық заңды тұлғалармен және бюджеттік ұйымдармен бірдей төлейді.
Қазір тұтынушылар үшін белгіленген тариф арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Соның салдарынан ауыртпалықтың бәрі заңды тұлғалар мен ұйымдарға түсіп жатыр дейді ведомстводағылар. Сондықтан 2031 жылға дейін еліміздің барлық аймағында жылудың жалпыға бірдей тарифін белгілеу көзделіп отыр.
Ал биыл Алматы қаласы мен Қызылорда облысында газ ақысы теңестірілмек.
"Әр өңірде өсім әртүрлі болады. Неге десеңіз, табиғи монополия субъектісі өз өтінімін беруіне байланысты, растайтын құжаттарымен қалай дәлелдей алатынына байланысты тарифтің деңгейі де белгіленеді. Бұл жерде атап өтетіні, тарифтердің өзгеруі әрдайым жария тыңдаулармен қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, электронды порталда "База монополистов" порталы арқылы ұсынылады. Демек, кез келген тұтынушы, кез келген азамат растайтын құжатты тексере алады", – деді ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Мирас Зеріпбаев.