Тікелей эфир

Қазақстанда жыл сайынғы киік аулау мерзімі белгіленді

Киік аулауға 1 қазан мен 15 қараша аралығында рұқсат беріледі.

Қазақстанда аң аулау қағидаларына енгізілетін өзгерістер жобасы әзірленіп, онда жыл сайын киік аулауға рұқсат етілетін мерзім белгіленді. 2024 жылдан бастап 1 қазан мен 15 қараша аралығында киік аулауға рұқсат етіледі.

Еске салайық, биыл Қазақстанда киіктердің санын реттеу туралы экология министрінің бұйрығы 6 қазаннан бастап күшіне енді. Министрліктің көктемгі әуе есебі бойынша мәліметінше, Қазақстандағы киіктер саны 2 миллионға жақындады. Ал биылғы төлді қосқанда 2 миллионнан да асып түскен болуы керек.

Соған орай, киіктердің оралдық популяциясын 20 пайызға, бетпақдалалық популяциясын 15 пайызға қысқартуға шешім қабылданған.

"Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы әзірлеген биологиялық негіздемеге сәйкес, жыныс құрамы мен мекендеу ортасына қарамастан, киікті аулау мерзімін 1 қазаннан 15 қарашаға дейін белгілеу ұсынылды", – делінген құжат жобасында.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда киіктерді атуға ресми рұқсат берілді


Министрліктің мәліметінше, 337 мың ақбөкенді ату немесе торға түсіру жоспарланған.

"Қазіргі күні киіктердің саны тарихи көрсеткіштен асып кетті. Яғни, екі миллионға жуық ақбөкен бар. Олар жыл сайын диқандардың егінін таптап, шығын келтіріп жатыр. Қазірдің өзінде шаруалардың шығыны 12 миллиард теңгені құрады. Олардың санын қысқартпасақ, көбейе береді", – деді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Серіктестер жаңалықтары