Ішкі істер министрлігі "Құқық бұзу профилактикасы туралы" заң жобасын дайындады. Құжатта халық қоғамдық тәртіпті бақылауға өз еркімен атсалыса алатыны жазылған. Белсенді азамат ынталандыру ретінде мақтау грамотасын, ақшалай сыйлық алады, деп хабарлады Kolesa.kz.
Басылымның жазуынша, кім және қандай сыйлық алатынын қылмыстың алдын алу жөніндегі комиссия шешеді.
"Жол ережесін бұзған жүргізуші туралы видеожазбаны жіберген азамат "ереже бұзған адамнан өндірілген айыппұл сомасынан ақшалай сыйақы алады немесе жергілікті атқарушы орган шешімі бойынша жеңілдікке (қоғамдық көлікте тегін жүру, машинасын автотұраққа тегін қою және тағы басқа) ие болады". Ерікті азамат алған сыйақысын қайырымдылық ұйымдарына аудара алады", – делінген хабарламада.
Заң жобасында видео авторына айыппұлдың қанша пайызы берілетіні нақты жазылмаған. Ереже бұзған адам жүргізуші куәлігінен айырылса немесе қамалса, полицияға бейнежазба жіберген куәгер қандай сый алатыны белгісіз. Заң жобасында "ереже бұзылған сәтті бірнеше адам бейнежазбаға түсірсе, видеоны бірінші болып жіберген кісі сыйақы алады" деп жазылған. Яғни, жылдамдық маңызды.
Оқи отырыңыз: Жол белгілерін жақсы білесіз бе? Жүргізушілерге арналған тест