1 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандықтарға 939,3 млрд теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. Ал зейнеткерлер саны 2 млн 245 мыңнан асты, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
2022 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 105 193 теңге болды.
Айта кетсек, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып әр алушыға жеке тағайындалады. Бұл ретте 1998 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
"Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ, егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын, ал 30 жыл болса, онда 94%-ын құрайды. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде белгіленеді. Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстанда зейнет жасындағы 9 мыңнан астам педагог қызмет етеді
- 1 сәуірден бері қазақстандықтар зейнетақы қорынан қанша ақша шешіп алды?
- Жеткіліктілік шегін көтермей тұрып артық зейнетақыны қалай шешіп алуға болады?
Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылдың 1 қаңтарындағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.