Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақының 70%-ын пайдалану тәртібі өзгеруі мүмкін

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді пайдалану тәртібін өзгерту ұсынылды.

Қазақстанда мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етілетін азаматтарға қатысты зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды пайдалану тәртібін өзгерту ұсынылып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл өзгеріс бір шығынның екі рет қаржыландырылуына жол бермеуге және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған.

Қазір арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұратын азаматтардың негізгі қажеттіліктері мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Олардың тұруы, тамақтануы, киім-кешегі, әлеуметтік және медициналық қызметтері мен күтіміне байланысты шығындар бюджеттен өтеледі. 

"Мемлекеттік қамтамасыз ету қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған азаматтарға да қарастырылған. Қолданыстағы тәртіп бойынша зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының 30%-ы тікелей азаматқа беріледі және оның жеке қаражаты болып қалады. Ал қалған 70%-ы орталықтың арнайы шотына аударылады. Бұл қаражат әлеуметтік қызмет алушыларды қамтамасыз етуге байланысты қосымша шығындарға, соның ішінде қосымша тамақтануға, жұмсақ керек-жарақтарға және заңнамада көзделген басқа қажеттіліктерге жұмсалады", – делінген хабарламада.

Еңбекмині негізгі шығындар мемлекет тарапынан онсыз да өтелетінін атап өтті. Осыған байланысты төлемнің қалған 70%-ын пайдалану тәртібін өзгерту ұсынылып отыр.

"Ұсынылып отырған өзгеріс азаматтың өз қарамағында қалатын қаражат көлемін өзгертпейді. Қазіргі тәртіптегідей, зейнетақы немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының 30%-ы азаматқа жеке қажеттілігіне жұмсау үшін беріледі. Ал қалған 70%-ын мемлекет бұрыннан қаржыландырып отырған шығындарды қайта өтеуге бағыттамау ұсынылады. Үнемделген қаражат әлеуметтік маңызы бар жобаларға, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға жұмсалуы мүмкін. Бұл ретте азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қамтамасыз ету көлемі қысқармайды. Олардың тұруы, тамақтануы, күтімі, медициналық көмегі және заңнамада көзделген басқа да әлеуметтік қызметтері бұрынғыдай мемлекет есебінен көрсетіледі", – делінген хабарламада.

Жаңа тәртіп азамат толық мемлекеттік қамтамасыз етуде болған кезеңде ғана қолданылмақ. Азамат арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұруын тоқтатқаннан немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылғаннан кейін зейнетақысы немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысы толық көлемде, яғни 100% мөлшерінде қайта төленеді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау