Тікелей эфир

Қазақстанда темекі шегуден бас тартуға көмектесетін мобильді қосымша әзірленеді

Мобильді қосымшаны 2024 жылғы желтоқсан айына дейін әзірлеу көзделген.

"Ашық НҚА" порталында 2023-2025 жылдарға арналған "Салауатты өмір салтын насихаттауды күшейту, денсаулық мәселелері бойынша халықтың сауаттылығын арттыру" 91-тармағын орындау жөніндегі жол картасын бекіту туралы премьер-министр өкімі жарияланды. Ол 27 сәуірге дейін қоғамдық талқыда болады. 

Жол картасының шеңберінде темекі шегуден бас тарту жөнінде мобильді қосымша әзірлеу және енгізу көзделген. Мобильді қосымша 2024 жылғы желтоқсан айына дейін әзірленуі керек.

"Бұл жобаға Денсаулық сақтау министрлігі, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері, Цифрлық даму министрлігінің бірінші басшылары мен олардың бірінші орынбасарлар жауапты. Мобильді қосымшаны әзірлеуге қаржыландыру көзі қажет емес", – деп жазылған құжатта.


Оқи отырыңыз: Электронды шылым темекіден бас тартуға көмектесе ме? Нарколог жауабы


"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексте темекі өнімдерін тұтынудың алдын алу және шектеу жөніндегі шаралар белгіленген. 18 жасқа толмаған балаларға темекі өнімдерін тұтынуға және сатуына, ал 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға заңмен тыйым салынған. 

Темекі өнімдеріне тыйым салынған орындар:

  • білім беру ұйымдарында, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың демалуына арналған ұйымдарда;
  • денсаулық сақтау ұйымдарында;
  • қоғамдық тамақтану орындарында;
  • музейлерде, кітапханаларда, кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт, көрме залдарында, спорт ұйымдары мен ареналарында және көпшіліктің демалуына арналған басқа да орындарда;
  • түнгі клубтарда, дискотекаларда;
  • пойыздарда, ұшақ бортында, кемелерде, қоғамдық көлігі салондарында, метрода, таксиде;
  • әуежайлардың, теміржол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында, қоғамдық көліктің жабық аялдамаларында;
  • мемлекеттік органдар мен ұйымдарда;
  • жұмыс орындарында;
  • үйлердің кіреберістерінде;
  • автожанармай құю станцияларында;
  • балалар алаңдарында;
  • жерасты өткелдерде;
  • автокөлікте кәмелетке толмаған балалар болған кезде.

Оқи отырыңыз: Темекі, ішімдік және есірткіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?


Заң бойынша көше бойында, аулада, саябақтарда темекі шегуге тыйым салынбаған. Ал жабық орындарда рұқсат берілген немесе арнайы жабдықталған бөлмеде ғана тұтына алады. 

Әкімшілік кодекстің 441-бабына сәйкес, тыйым салынған орындарда темекі өнімдерін пайдаланғандарға 15 АЕК (2023 жылы – 51 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса 20 АЕК (2023 жылы 69 мың теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады. 

Темекі өнімдерінің қаптамасында құрамы, тұтынудың және никотиннің зияны туралы ескерту жазылады. 

Серіктестер жаңалықтары