Тікелей эфир

Электронды шылым темекіден бас тартуға көмектесе ме? Нарколог жауабы

Вейперлер саны 7 жылда 6 есе артса, 2023 жылы өсім 400 пайыздан асады деген болжам бар.

Әлем бойынша электронды шылымның танымалдылығы артып келеді. 2011 жылы вейперлер саны 7 млн болса, 2018 жылы 40 млн адамға жетті. Euromonitor International сараптама жүргізетін компания 2018-2023 жылдары аралығында электронды шылым нарығының 411% өсетінін мәлімдеді. Осы орайда, отандық нарколог маман шылымның бұл түрінің никотинге тәуелділіктен арылуға еш көмектеспейтінін айтып отыр.

2014 жылы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы темекімен күрес тақырыбындағы баяндамасында электронды шылымның ешқандай пайдасы жоқ және керісінше оның денсаулыққа аса зиян екені туралы мәлімдеді. Осы баяндамадан кейін электронды шылымға қатысты бірнеше шешім қабылданды:

  • әртүрлі хош иістендіргіші бар сұйықтықтарды еркін сатуға тыйым салу, өйткені олар вейптердің тартымдылығын арттырады;
  • бу генераторларының шылым шегушілерге никотинге тәуелділікті жеңуге көмектесетіні туралы нақты дәлел жоқ;
  • сатылым, жарнама, пайдалануға қатысты барлық шылым түріне қойылатын шектеулер бұдан былай электронды темекіге де қолданылуы тиіс. 

Оқи отырыңыз: Ұйқыдан тұрғанда жөтел қыса ма? Өкпе ауруларынан сақтану жолдары


Бүгінгі таңда Канада, Бразилия, Түркия, Дания, Италия, Норвегия, Уругвай, Австралия, Иордания және Таиландта электронды шылымды өндіруге заң деңгейінде тыйым салынған. Алайда бұған қарамастан, әлем нарығында электронды түтін генераторлары бизнесі жыл сайын дамып келе жатыр. 

Сұйықтығы бар электронды шылымның зияны қандай?

  1. Бәрінен бұрын вапорайзерлердің құрамындағы сұйықтық зиян. Себебі, оның құрамында келесі заттар бар:
    нитрозамин мен диетиленгликоль секілді күшті канцерогендер. Ғалымдар олардың мөлшері әдеттегі темекідегіден 10 есе көп екенін дәлелдеді.
  2. Формальдегид – өлімге әкелуі мүмкін улы қосылыс.
  3. Ацетальдегид ағзаны улап қана қоймай, шылымға тәуелділікті арттырады. Мұнымен қатар, Альцгеймер ауруының даму қаупін жоғарылатады. Мамандардың айтуынша, электронды шылым қыздырылған кезде құрамындағы заттардың көлемі еселене түседі. 

Нарколог Тоқтар Қойшыбеков отандық бағдарламалардың бірінде электронды шылымның аллергия мен қабыну процесін асқындыратынын айтады. 

"Электронды шылымды әдеттегі темекілерді зиянсыз алмастырғыш ретінде жарнамалап жүр. Шылым сұйықтығының ішінде пропилен, глицерин, әртүрлі дәмдеуіш, иістендіргіш секілді жүздеген химиялық зат болатындықтан, осының барлығы оттегі мен көмірсутек газының еркін айналымына кедергі келтіреді. Бұдан өзге жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесін зақымдап, гипоксияға шалдықтырады. Мысалы, Америкада электронды шылымның картриджіне қарасора майын қосып, тынысы тарылған мыңдаған адам ауруханадан бір-ақ шықты. Бұл жаңа зат болғандықтан, келетін зиянды емдеу жолы мен қандай қаупі бары толық анықталып үлгермеді. Өкінішке орай, адамдар өз ағзасына тәжірибе жасап жатыр", – деді Тоқтар Қойшыбаев. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда темекі өнімдерін ашық сатуға тыйым салынды


Мұнымен қатар, нарколог маман шылым шегу тәуелділіктің ең ауыр түрі екенін айтты. Сондай-ақ, ол бұл тәуелділік түрінен арылуға электронды шылымның еш көмектеспейтінін айтты.  

"Нарколог, психолог, дәрігерлер де шылым шегуді тәуелділіктің аса ауыр түрі деп біледі. Өйткені, шылым шегетін азаматтардың 95 пайызы одан өз еркімен бас тарта алмайды. Менде емделген 38 жастағы науқас 6 жасынан бастап шылым шеккен. Жуырда араға 32 жыл салып барып бұл зиянды әдеттен арылды. Салдары ауыр болатындықтан, денсаулығымыздың арқасында бизнес жасауға мүмкіндік бермеуіміз керек", – деді Тоқтар Қойшыбаев. 

Серіктестер жаңалықтары