Қазақстанда баспанасын сатушылар мен сатып алушылардан қатар қызметақы алатын риелторларға қатысты шағымдар көбейіп келеді. Тұрғындардың айтуынша, кейбір агенттіктер келісімшарт жасалмаса да ақша талап етеді. Ал заңгерлер мұндай тәжірибенің заңдылығына күмән келтіреді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Соңғы уақытта бір мәміле аясында үй иесінен де, сатып алушыдан да қызметақы алатын агенттіктердің саны артқан. Бұл тұрғындардың наразылығын туғызған.
Риелторлық компания директоры Айдос Мырзабайдың айтуынша, қазіргі таңда риелторлардың қызметі тек үйді сатып не сатумен шектелмейді. Олар клиентке баспана таңдауға, ипотекалық несие рәсімдеуге, қажетті құжаттарды дайындауға және мәмілені толық сүйемелдеуге көмектеседі.
Оның сөзінше, Алматы, Астана және Шымкент сияқты ірі қалаларда екі тараптан да қызметақы алу қалыпты тәжірибеге айналған.
Заңгер Азамат Мараттың айтуынша, Қазақстанда риелторлардың қызметін арнайы реттейтін жеке заң жоқ. Дегенмен Азаматтық кодекс бойынша кез келген мәміле тараптардың өзара келісімімен жасалуға тиіс.
Оның пікірінше, бір риелтордың бір мәміле бойынша сатушы мен сатып алушының мүддесін қатар қорғап, екі тараптан бірдей ақы алуы заң талаптарына қайшы келуі мүмкін. Сондай-ақ заңгер келісімшарттан біржақты бас тартқаны үшін негізсіз айыппұл немесе өтемақы талап ету де заңсыз болуы ықтимал екенін айтты.
Мамандар азаматтарға риелтор қызметін пайдаланбас бұрын келісімшарттың барлық талаптарын мұқият оқып, қандай қызмет үшін және кімге ақы төлейтінін нақтылап алуға кеңес береді.