USD: 469.3 / 471.7
  • EUR: 535.0 / 540.0
  • RUB: 5.69 / 5.81
Тікелей эфир
Алматы +27C
Все города

Қазақстанда Құрылтай сайлауы қарсаңында үгіт-насихат науқаны басталды

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы 23 тамызда болады.

Қазақстанда 23 шілде күні сағат 18:01-де Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары ресми түрде басталды.

Үгіт-насихат кезеңі 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында саяси партиялар бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-платформалар арқылы үгіт жүргізуге, көпшілік сайлауалды іс-шараларын ұйымдастыруға және үгіт материалдарын таратуға құқылы.

Бас прокуратура сайлау науқаны кезінде бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттардың немесе саяси партиялардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпаратты жарияламауға міндетті екенін ескертті. Бұл талаптарды бұзу немесе кандидаттың не саяси партияның ар-намысы мен беделін қорғау мақсатында тегін теріске шығару жариялауға мүмкіндік бермеу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 112-бабы бойынша жауапкершілікке әкеледі. Аталған бапқа сәйкес 20-дан 50 айлық есептік көрсеткішке (86 500 теңгеден 216 250 теңгеге дейін) дейін айыппұл қарастырылған.

Кандидаттар мен саяси партияларға сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына тең дәрежеде қол жеткізуге кепілдік беріледі. Әкімдіктер мен мәслихаттар кандидаттарға сайлаушылармен кездесу өткізу үшін ғимараттарды келісімшарт негізінде және барлығына бірдей шарттармен ұсынады.

Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушыларды үгіт-насихат барысында заң талаптарын қатаң сақтауға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.

Еске салайық, Қазақстанда жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Сенат пен Мәжілістің орнына Құрылтай құрылды. Бір палаталы заң шығарушы орган бес жыл мерзімге партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутаттан тұрады.

Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы 23 тамызға белгіленген. Дауыс беру үшін еліміз бойынша 10 427 сайлау учаскесі дайындалады. Сайлаушылар тізіміне 12,5 миллионнан астам азамат енгізілген.

Орталық сайлау комиссиясы қазірге дейін Қазақстандағы барлық жеті саяси партияның үміткерлерін тіркеп үлгерді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау