2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Жаңа Конституцияға сәйкес құрылған бір палаталы заң шығарушы органға 145 депутат сайланып, бұрынғы Мәжіліс пен Сенаттың орнына келетін алғашқы құрам жасақталады.
Саяси партиялар жариялаған кандидаттар тізіміне Мәжілістің VIII шақырылымында жұмыс істеген 89 депутаттың 42-сі ғана енді. Яғни қазіргі депутаттардың жартысынан көбі жаңа заң шығарушы орган құрамына үміткер емес. Сондай-ақ Сенатта қызмет еткен төрт депутат Құрылтай сайлауына қатысады.
Тізімнен тыс қалған депутаттардың бір бөлігі саясаттан кететінін айтса, енді бірі бұрынғы кәсібіне оралып, ғылыммен немесе қоғамдық қызметпен айналысуды жоспарлап отыр.
Еділ Жаңбыршин қоғамдық жұмысын жалғастырады
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы болған Еділ Жаңбыршин әлеуметтік желіде сайлаушыларға арнап көлемді үндеу жариялады.
Ол бес жылдық депутаттық қызметін қорытындылаған бейнеүндеуінде қоғамдық жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.
"Мен депутаттық лауазымнан кетсем де, халықтан кетпеймін. Саясаттағы немесе мемлекеттік қызметтегі мәртебем өзгерсе де, мемлекетшіл азамат болып қала беремін. Білімім мен тәжірибемді ғылымда, инженерияда, қоғамдық қызметте немесе шығармашылықта ел игілігіне жұмсауға дайынмын", – деді ол.
Еділ Жаңбыршин әсіресе Маңғыстаудағы "Қошқар-Ата" қалдықтар қоймасын рекультивациялау мәселесін бақылауда ұстайтынын атап өтті. Сондай-ақ жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік мүддені күшейту бағытындағы бастамаларын жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
Үндеуінің соңында ол:
"Парламенттегі өкілеттілігім аяқталады. Бірақ ел алдындағы парыз ешқашан аяқталмайды", – деп жазды.
Еділ Жаңбыршин депутат мандатына дейін партия филиалының төрағалығы, басқарма басшылығы, мәслихат депутаты, қала әкімі қызметтерін атқарған.
Абзал Құспан ғылымға бет бұруы мүмкін
Абзал Құспан Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды. Ол соңғы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында алдағы жоспары туралы айтқан еді. Оның айтуынша, депутаттық мандат аяқталғанымен, негізгі мамандығы – адвокаттық қызметі сақталады.
"Мен, біріншіден, адвокатпын, ол біржолата беріледі. Екіншіден, Еуразия ұлттық университеті докторантурасының үшінші курсында оқимын. Сондықтан ғылыммен айналысуға мүмкіндігім бар", – деді ол.
Абзал Құспан қазір қылмыстық құқық кафедрасы бойынша докторлық диссертациясын қорғауға дайындалып жатқанын айтты.
Сонымен бірге депутат атанған кезде қызметін тоқтатып қойған заң компаниясын қайта жандандырып жатқанын жеткізді.
Аманжол Әлтай әзірге шешім қабылдамаған
Аманжол Әлтай қазір туған ауылында жүргенін айтты.
"Мен қазір ауылымда жүрмін. Туған-туыстарыма келдім. Алдағы жоспарларым туралы шешім қабылдаған жоқпын. Қалаға келген соң шешім қабылдармын", – деді ол.
Яғни депутат әзірге саяси немесе қоғамдық қызметке қатысты нақты жоспарын жариялаған жоқ.
Еске салайық, Аманжол Әлтай Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі болған еді. Мәжіліс депутаты болғанға дейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ және шетел әдебиеті кафедрасының профессоры болып қызмет еткен.
Самат Нұртаза да ойланып жүр
Самат Нұртаза да әлі алдағы жоспарлары нақтыланбағанын айтты.
"Әлі шешпедім ол сұрақты. Жұмыссызбын", – деді ол редакция сауалына.
Сама Нұртаза Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болған. Депутат мандатына дейін университеттерде оқытушы болған, баспасөз қызметінде қызмет еткен, Қоғамдық келісім" РММ директорының орынбасары болып қызмет еткен.
Дәулет Мұқаев саяхаттап жүр
Дәулет Мұқаев депутаттық қызметінің аяқталуына қатысты әлеуметтік желіде пікір білдірді.
"Тақ пен табыттың иесі болмайды. Депутаттық қызмет аяқталғанымен, елге қызмет аяқталмайды. Білікті адам жерде қалмайды. Өмір жалғасады", – деп жазды ол.
Қазір ол өзінің "Дәулетті саяхат" жобасы аясында Түркияның Трабзон қаласында саяхаттап жүр.
Дәулет Мұқаев депутат болғанға дейін университет оқытушысы, продюсер, жүргізуші болып қызмет атқарған. Сонымен қатар Instagram-да "Дәулеттен" деген парақша жүргізіп, ипотека бағдарламаларын, декретке тиімді жолмен шығу жолдарын түсіндірген.
"Мен депутаттық лауазымнан кетсем де, халықтан кетпеймін. Саясаттағы немесе мемлекеттік қызметтегі мәртебем өзгерсе де, мемлекетшіл азамат болып қала беремін. Білімім мен тәжірибемді ғылымда, инженерияда, қоғамдық қызметте немесе шығармашылықта ел игілігіне жұмсауға дайынмын", – деді ол.
"Мен, біріншіден, адвокатпын, ол біржолата беріледі. Екіншіден, Еуразия ұлттық университеті докторантурасының үшінші курсында оқимын. Сондықтан ғылыммен айналысуға мүмкіндігім бар", – деді ол.
"Мен қазір ауылымда жүрмін. Туған-туыстарыма келдім. Алдағы жоспарларым туралы шешім қабылдаған жоқпын. Қалаға келген соң шешім қабылдармын", – деді ол.
"Әлі шешпедім ол сұрақты. Жұмыссызбын", – деді ол редакция сауалына.
"Тақ пен табыттың иесі болмайды. Депутаттық қызмет аяқталғанымен, елге қызмет аяқталмайды. Білікті адам жерде қалмайды. Өмір жалғасады", – деп жазды ол.
"Аяғым дірілдейді", "Анамды құттықтаймын". Құрылтайға жолы түспеген депутаттар немен есте қалды
Қай экс-депутаттар Құрылтайға үміткер, ал кімдер өзге жұмыс қарайды? Партиялық тізімдерге шолу