Енді футболка, шапан және өзге де тұрмыстық бұйымдарға ру атын жазуға тыйым салынуы мүмкін. Сонымен қатар, отандық киножобалардың мазмұнын сараптайтын көркемдік кеңес құру мәселесі көтеріліп отыр. Бұл бастама қоғамда алауыздық тудыратын, халықты ру-тайпаға бөліп, ел ішіне іріткі салатын фильмдердің алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Ұсынысқа сәйкес, егер фильм авторлары руларды бір-біріне қарсы қойып, арандатушылық сипаттағы контент ұсынса, мұндай туындылар жарыққа шықпайды. Яғни, киноның мазмұны ұлттық бірлік пен тұтастық қағидаттарына қайшы келмеуі тиіс.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров соңғы жылдары арандатушылық элементтері бар фильмдердің көбейгенін айтып, бұл жауапты ведомстволар тарапынан бақылаудың әлсіреуінен болып отыр деп санайды. Оның айтуынша, контенттің тиісті деңгейде қадағаланбауы салдарынан "Руың кім" секілді картиналар көрерменге жол тартқан.
Оқи отырыңыз: 2026 жылы жеткілікті шек мөлшері артады. Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын қалай алуға болады?
Депутаттың пікірінше, мұндай үрдіс қоғамда бірлік пен ынтымақты нығайтудан гөрі, халықты жікке бөліп, рушылдық сананы күшейтуге алып келеді.
"Отандық өнімдердің мазмұнын алдын ала көркемдік-эстетикалық, идеологиялық және ұлттық бірлік тұрғысынан сараптайтын тұрақты комиссия құру қажет. Ұлттық код пен мәдени ерекшелік ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын әрекеттерге нақты тосқауыл қойылуы тиіс", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.
Айта кетейік, ұсынылып отырған бастамалар әлі талқылану кезеңінде. Қорытынды шешім қабылданған жағдайда, тиісті өзгерістер заңнамалық және нормативтік құжаттар арқылы бекітіледі.
USD:
515.7 / 518.3
EUR:
604.5 / 608.5
RUB:
6.43 / 6.55