Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (WMO) ұсынымдарына сәйкес, климаттың өзгеруі әдетте 30 жылдық бақылау деректері негізінде бағаланады. Мұндай тәсіл климаттағы ұзақ мерзімді үрдістерді табиғи жыл сайынғы ауытқулардан ажыратуға мүмкіндік береді, деп хабарлады "Қазгидромет" РМК.
Мекеменің көпжылдық бақылаулары Қазақстан аумағында ауа температурасының тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. 1976 жылдан бері елімізде орташа жылдық ауа температурасы әр он жыл сайын шамамен 0,4 °С-қа жоғарылап келеді. Бұл Қазақстандағы жылыну қарқынының жаһандық орташа көрсеткіштен жоғары екенін аңғартады.
Температураның ең жылдам өсуі көктем мезгілінде байқалады. Осы кезеңде ауа температурасы әр он жыл сайын орта есеппен 0,7 °С-қа, ал кейбір өңірлерде 0,9 °С-қа дейін артып отыр. Бұл көктемнің ерте басталуына, қардың жылдам еруіне және табиғи процестердің мерзімінен бұрын жүруіне әсер етеді.
Соңғы жылдар бұл үрдістің жалғасып жатқанын айқын көрсетеді. 2025 жыл Қазақстанда аспаптық метеорологиялық бақылаулар жүргізіле бастаған уақыттан бергі ең жылы жыл ретінде тіркелді. Орташа жылдық ауа температурасы климаттық нормадан шамамен +2,9 °С-қа жоғары болды.
Сонымен қатар, Қазақстандағы ең жылы он жылдың тоғызы XXI ғасырға тиесілі. Бұл елімізде климаттың жылынуы ұзақ мерзімді әрі тұрақты сипат алып отырғанын және жаһандық климат өзгерісінің Қазақстанға да елеулі әсер етіп жатқанын көрсетеді.
Орталық Азияда қар азайып, жаңбыр көбейеді – климатолог Томас Сакс
Қазақстанның жылынуы жаһандық көрсеткіштен асып түсті – Климат өзгерісі бойынша жобалық кеңсе