Премьер-министр Олжас Бектенов Еуропа, Канада және АҚШ-тың ауылшаруашылық техникаларын шығаратын жетекші компаниялары басшыларымен кездесу өткізді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Үкімет басшысы аграрлық сектордың өсіп келе жатқан қажеттіліктері ауыл шаруашылығы техникасының тұрақты және болжамды нарығын қалыптастыратынын атап өтті. Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі бойынша әлемде алтыншы орында. Егіс алқаптары шамамен 24 млн гектарды құрайды. Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 9 трлн теңгеден асып, 6 пайыздан астамға өсті. Астық жинау 26 млн тоннаға, майлы дақылдар 5 млн тоннаға жетті.
"Қазақстанның жетекші шетелдік өндірушілермен серіктестігі тұрақты әрі өзара тиімді сипатқа ие және ұзақмерзімді кооперацияға бағдарланған. Үкімет жобаларды локализациялаудан бастап сыртқы нарықтарға шығуға дейінгі барлық кезеңде қолдау арқылы жаңа өндірістер құру үшін қолайлы жағдай жасауға дайын", – деді Олжас Бектенов.
Қазақстанның егіс алқаптарында 130 мыңнан астам трактор, шамамен 30 мың комбайн және 200 мыңнан астам тіркемелі және аспалы техника бірлігі пайдаланылуда. Бұл ретте өткен жылдың қорытындысы бойынша техника паркін жаңарту деңгейі 6,5%-ды құрады. Нысаналы мақсат – бұл көрсеткішті жыл сайын 10%-ға дейін жеткізу. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау шараларының жүйелі тетігі қалыптастырылған, оның ішінде техника сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-на дейін субсидиялау, кредиттер мен лизинг бойынша жүктемені төмендету, сондай-ақ отандық өндірістегі техника үшін 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру ұсыну қарастырылған.
Қабылданып жатқан шаралар қазірдің өзінде нәтиже беруде – соңғы екі жылда отандық техника сату көлемі 35%-ға артып, 7,7 мыңнан 10,4 мың бірлікке дейін өсті. Сонымен қатар сұраныс құрылымы анағұрлым күрделі әрі жоғары технологиялық машиналарға қарай ауысуда. Бүгінде жыл сайын 8 мыңнан астам трактор және 1,2 мың комбайн шығаратын 8 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ішкі нарықтағы отандық техниканың үлесі шамамен 90 пайызға жетті.
Халықаралық серіктестер локализацияны одан әрі тереңдетуге, технологиялар трансферіне, сервистік инфрақұрылымды дамытуға және Қазақстан нарығында қатысуды кеңейтуге қызығушылық білдірді. Толық технологиялық тізбекті қалыптастыру және отандық шаруалар үшін заманауи жоғары технологиялық жабдықтардың қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
"Президент пен Үкіметтің дәйекті өнеркәсіптік саясаты сенімге берік негіз қалап отыр. Алдымен елімізге нарық көшбасшысы John Deere келді, мұндай жетістік өзгелерге күшті сигнал болды: бүгін біз басқа да жаһандық ойыншылардың келіп жатқанын көріп отырмыз. Біз жаңа технологияларды қабылдап, озық стандарттарды енгізуге, техникалық мамандарымыздың біліктілігін арттырып, фермерлерді қазақстандық өндірістің жоғары технологиялық машиналарымен қамтамасыз етуге дайынбыз", – деді "АгромашХолдинг KZ" АҚ президенті Динара Шүкіжанова.
John Deere компаниясының ТМД елдері бойынша вице-президенті Петер Заксенің айтуынша, Былтырғы қарашада қол қойылған Қостанайдағы өндірісті локализациялау жөніндегі стратегиялық келісім серіктестігіміздегі маңызды қадам болды.
"Біздің компания алдағы жылдары 3 мыңға жуық техника шығаруды жоспарлап отыр. John Deere Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық әріптес ретінде қарастырады. Біз өндірісті одан әрі локализациялауға, өнімділікті арттыруға дайынбыз. Цифрландыру мен ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға назар аудара отырып, заманауи техника шығаруды жоспарлап отырмыз", – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша Қостанайдағы Локализация орталығының өндірістік базасында Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін локализациялауға бағытталған көпжақты келісімдерге қол қою рәсімі өтті.
Келісім "АгромашХолдинг KZ" АҚ, "Eurasia Group AG" ЖШС мен әлемдік жетекші өндірушілер – Väderstad Group, Dewulf, Lindsay Corporation, Amity Technology, Frans Vervaet B.V., Kuhn Group және Brandt компаниялары арасында жасалды. Уағдаластықтарды жүзеге асыру саланың әлеуетін күшейтеді және Қазақстанның жаһандық өнеркәсіптік өндіріс жүйесіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған.
USD:
459.1 / 462.1
EUR:
537.0 / 542.0
RUB:
5.93 / 6.05

