Ауыл шаруашылығындағы кадр тапшылығы: мектептерде аграрлық кәсіби бағдарлау сыныбы ашылады

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Амангелді Бердалин
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Амангелді Бердалин
Оны бітірген түлектерге ЖОО-на түсерде грант алуға басымдық берілмек.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласына білікті мамандар даярлау және кадр тапшылығын шешу мақсатында орта білім беру мектептерінде агросыныптар ашылады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Амангелді Бердалин Бурабайда өтіп жатқан Dala.Сamp форумында айтты.

Оның сөзінше, қазіргі таңда кәсіби бағдар беру жұмыстарының жеткіліксіз дамуы салдарынан жастардың салалық мамандықтарға деген қызығушылығы төмендеп, кадр тапшылығы байқалып отыр.

"Осыған байланысты бірқатар жүйелі шараларды іске асыру жоспарланып отыр. Тәжірибе ретінде Ресей мектептерінде өткен жылдан бастап агрокластар енгізіліп, оқушыларға агросекторда практикалық тәжірибе алу мүмкіндігі берілгенін айтуға болады. Мұндай сынып түлектеріне жоғары оқу орындарына түсу кезінде гранттар алуға басымдық қарастырылған", - деді вице-миристр.

Ол осы тәжірибені ескере отырып, университеттер, жұмыс берушілер және колледждермен бірлесіп, СҚО, Ақмола және Қостанай облыстарында орта білім беру ұйымдарында пилоттық режимде ауыл шаруашылығы мамандықтарына ерте кәсіби бағдар беру сыныптары ашылатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар «Мал шаруашылығы» бағыты бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысына квота енгізу мәселесін пысықтау ұсынылып отыр. Бұл ретте грант негізінде білім алған түлектердің ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында кемінде үш жыл міндетті түрде жұмыс істеуі көзделеді.

Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар олардың материалдық-техникалық базасын ескере отырып күшейтіледі. Бұл студенттердің тек теориялық білім алып қана қоймай, нақты практикалық дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.

"Білім беру бағдарламалары оқу-өндірістік нысандарда, зертханалар мен клиникаларда базалық кәсіби дағдыларды игеруді міндетті түрде қамтуы тиіс", - деді Амангелді Бердалин.

Серіктестер жаңалықтары