Бүгіннен бастап еліміздің барлық өңірінде 1000-ға жуық мектеп пен колледжде "Заң және тәртіп" жобасы аясында құқықтық мәдениет сабақтары басталды, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаны кең көлемде енгізу туралы шешім Талғар ауданында өткен пилоттық кезең нәтижелері негізінде қабылданды. Бұл өңірде жүргізілген сынақ барысында оқушылар арасындағы буллинг пен құқық бұзушылықтар деңгейінің төмендегені тіркелген.
"Ең көп қамтылған өңірлер қатарында Шымкент қаласы (100-ге жуық білім беру ұйымы), Қарағанды облысы (190-нан астам) және Павлодар облысы (шамамен 110 ұйым) бар. Жоба аясында оқушылармен жұмыс істеуге құқық қорғау органдарында қызмет еткен тәжірибесі бар 600-ден астам тәлімгер тартылған. Сабақтар екі аптада кемінде бір рет өткізіліп отырады. Пилоттық кезең барысында Талғар ауданындағы 10 мектеп пен 3 колледжде 9 мыңнан астам оқушы қамтылды. Мониторинг нәтижелері буллинг пен кибербуллинг жағдайларының 18%-ға азайғанын көрсетті. Сонымен қатар, мінез-құлық тәуекелі төмен оқушылар үлесі 31,9%-ға артқан, ал ерекше бақылауды қажет ететін жасөспірімдер саны 30%-ға қысқарған", – делінген хабарламада.
Жоба оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Аталған бастама Қазақстан балалары тұжырымдамасы аясында кезең-кезеңімен бүкіл республика бойынша енгізілетін болады. Бұл балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және құқық бұзушылықтарды азайтуға бағытталған бірыңғай тәсілді қалыптастыруға мүмкіндік береді.