Елордада Astana Hub-тың MedHub HAQ жобасы іске қосылды. Ол мектеп оқушыларының денсаулығын жасанды интеллект технологияларының көмегімен бақылауға мүмкіндік береді.
Жаңа жоба медициналық стартаптарды қолдауға, жеке мәліметтері жасырылған медициналық деректермен қауіпсіз алмасуға және денсаулық сақтау саласын цифрландыруға бағытталған. Оның авторларының айтуынша, бүгінде медицина саласындағы стартаптардың жартысына жуығы қажетті инфрақұрылымның жоқтығынан толыққанды дами алмай отыр. Сондықтан жаңа платформа инновациялық жобаларды дамытуға және оларды тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді.
"Медициналық стартаптар мүлде басқа сценарий бойынша дамиды. Олар емханалармен және ауруханалармен жұмыс істеуі, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтауы, сондай-ақ өз шешімдерін әзірлеуге негіз болатын деректерге қол жеткізуі қажет. Қазіргі таңда мұндай мүмкіндіктер іс жүзінде жоқ. Сондықтан біздің басты міндетіміз – осы инфрақұрылымды қалыптастырып, заңнаманы жетілдіру бағытында мемлекетпен бірлесіп жұмыс істеу", – деді жобаның негізін қалаған Тоғжан Қожалы.
Жоба аясында іске қосылған цифрлық платформалар мектеп оқушыларының профилактикалық медициналық тексерулерін автоматтандырады. Арнайы медициналық құрылғылар баланың денсаулығына қатысты 15 түрлі көрсеткішті анықтап, нәтижесін бірден электронды жүйеге жібереді.
"Жасанды интеллект дәрігердің орнына диагноз қоймайды. Ол тек медициналық тексеру нәтижелерін саралап, ықтимал ауытқуларды анықтауға көмектесіп, дәрігерге ұсыныстар береді. Жүйе дене қызуын, қан қысымын, жүрек қызметін, өкпенің жағдайын, ЛОР мүшелерін, тері жағдайын тексеріп, баланың бойы мен салмағын автоматты түрде тіркейді. Мамандардың айтуынша, мұндай технология бүгінде әлемнің 78 елінде қолданылады", – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар, платформа қағаз құжат айналымынан бас тартуға мүмкіндік береді. Медициналық тексеру қорытындылары бірден электронды денсаулық картасына енгізіліп, ақпаратты қолмен қайта көшіру қажеттілігі жойылады. Бұл өз кезегінде қателіктердің азаюына ықпал етеді.
Жоба авторларының мәліметінше, қолдау алған осындай медициналық шешімдердің бірі алдағы уақытта Қазақстандағы шамамен 9 мың мектепте қолданылады.
Жасанды интеллект еңбек нарығында қандай мүмкіндіктерге жол ашады
Қазақстанда діни мәселелер бойынша жасанды интеллект кеңес береді