Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның туристік аймақтарына қатынайтын әуе және теміржол рейстерінің санын көбейтуді тапсырды. Үкімет отырысында сөз сөйлеген Премьер-Министр азаматтардан танымал және шалғай туристік бағыттарға қатынаудың қиындығына қатысты шағымдар түсіп жатқанын айтты.
Оның айтуынша, қазақстандықтарды әуе және теміржол билеттерінің тапшылығы мен бағасының қолжетімсіздігі алаңдатып отыр.
"Көлік министрлігі авиакомпаниялармен және Қазақстан темір жолы компаниясымен бірлесіп, танымал курорттық бағыттар бойынша рейстер мен орын санын көбейту және билеттердің қолжетімді бағасын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет", – деді Үкімет басшысы.
Туристерге арналған кемпинг инфрақұрылымы дамытылады
Олжас Бектенов жазғы маусымның қызған шағында туристерді орналастыру орындарының жетіспеушілігі де өзекті мәселеге айналып отырғанын атап өтті.
Оның сөзінше, көптеген демалушы арнайы жабдықталмаған аумақтарда демалуға мәжбүр. Осыған байланысты өңір әкімдеріне кемпингтер мен автокеруендерге арналған тұрақ орындарының инфрақұрылымын жедел дамыту тапсырылды.
Туризмдегі басты мәселе – қызмет көрсету сапасы
Премьер-Министр туристік саланың тартымдылығы тек қонақүйлер мен туристік маршруттарға ғана емес, қызмет көрсету мәдениетіне де тікелей байланысты екенін айтты.
"Туризмі дамыған елдерде демалыс сапасын көбіне қызмет көрсету деңгейі мен қонақжайлық мәдениеті айқындайды. Сондықтан Туризм министрлігі әкімдіктермен және туристік компаниялармен бірлесіп, туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ерекше назар аударуы тиіс. Бұл саланың тартымдылығы мен елдің халықаралық имиджіне тікелей әсер етеді", – деді Олжас Бектенов.