Алматыда IX Ұлттық ішек қабыну аурулары форумы өтіп, онда мамандар Қазақстанда ішектің қабыну ауруына шалдыққандар саны өсіп келе жатқанын айтып, дабыл қақты.
2018-2023 жылдар аралығында Крон ауруы үш есе дерлік – 555-тен 1631-ге дейін, ойық жаралы колит – 2218-ден 7305-ге дейін артқан. 2024 жылғы статистика көрсеткендей, Қазақстанда 100 мың адамға шаққанда 5-10 ІҚА жағдайы тіркеледі екен, соған қоса осы көрсеткіш әрі қарай да өсуі мүмкін. Бұл диагностиканың жақсаруымен де, аурумен сырқаттанушылықтың іс жүзінде өсуімен де байланысты.
Ерекше алаңдаушылық тудыратыны, ішектің қабыну ауруы диагнозы жасөспірімдер мен жастарға жиі қойылатын болды. Диагноз қойылған науқастардың орташа жасы – 35-40 жас. Тәуекел факторларына урбанизация, стресс, инфекциялар және антибиотиктерді бақылаусыз қабылдау жатады.
Форумға қатысушылар ерте диагностика қажеттігін, жоғары технологиялық тексеру әдістері мен биологиялық терапияның қолжетімділігін, сондай-ақ ІҚА емдеудегі пәнаралық тәсілдің маңызын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Крон ауруы және ойық жаралы колит секілді ішектің қабыну аурулары жасарып келеді
IX Ұлттық ІҚА форумы Қазақстанда ІҚА диагнозы қойылған науқастардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған сын-қатерлерді талқылау, тәжірибе алмасу және шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін маңызды алаңға айналды. Форум қорытындысы бойынша өңірлерде мамандандырылған орталықтар желісін кеңейту, халықаралық тәжірибеге негізделген клиникалық ұсынымдарды енгізу, дәрігерлерге үздіксіз кәсіптік білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажеттігі айтылды.
Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ базасында елдегі алғашқы мамандандырылған ІҚА, қысқа ішек синдромын емдеу және тамақтануды түзету орталығы ашылды. Орталық заманауи диагностикалық базамен және көп салалы мамандар тобымен жабдықталған.
Сонымен қатар Қазақстанда "ІҚА диагнозы қойылған адамдарға көмек көрсету қоры" атты науқастарға арналған ұйым бар, оның мақсаты – науқастарға қолдау көрсету және ауру туралы хабардарлықты арттыру.
Сарапшылар атап өткендей, бірқатар өңірлерде эндоскопиялық диагностикаға қолжетімділіктің шектелуі, сондай-ақ науқастарға психологиялық қолдаудың көрсетілмеуі әлі де өзекті мәселелер болып табылады. Дәрігерлер бүкіл елде мамандандырылған орталықтар желісін кеңейтіп, салааралық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін алға тартады.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі және "Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты" АҚ қолдауымен Ішек ауруларын зерттеу жөніндегі қазақ ғылыми қоғамы ұйымдастырған шара Қазақстанның барлық аймақтарынан және шет мемлекеттерден келген 300-ден астам маманның басын қосты.
Форум Халықаралық ішек қабыну аурулары күніне орайластырылған.
USD:
503.9 / 506.9
EUR:
588.0 / 593.0
RUB:
6.55 / 6.67