Тікелей эфир

Крон ауруы және ойық жаралы колит секілді ішектің қабыну аурулары жасарып келеді

Қазақстанда Крон ауруы бар 1631 және ойық жаралы колитпен 7305 науқас тіркелген.

Дүниежүзілік ішектің қабыну аурулары күні аясында Алматыда халықаралық деңгейдегі мамандардың, өңірлік клиникалардың жетекші дәрігерлерінің, диагностика, емдеу және басқа да аралас мамандықтар саласындағы сарапшылардың қатысуымен IҚА VII Ұлттық форумы өтіп жатыр.

Форумның мақсаты – ішектің қабыну ауруларына қарсы тұру, алдын алу, ерте анықтау, басқару және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсарту.

Қазақстанда жыл сайын ішек қабыну арулары жиі тіркеледі. 2018 жылы елде Крон ауруы бар 555 адам және ойық жаралы колитпен 2218 адам тіркелсе, бүгінде Крон ауруы бар 1631 және ойық жаралы колитпен 7305 науқас тіркелген. Ішектің созылмалы патологиялары жасарып жатыр – онымен балалар мен жасөспірімдер де жиі ауырады.

Диагностикалық технологиялардың, мамандардың хабардарлығы мен дайындығы жақсаруынан ішектің қабыну аурулары тіркелген науқастар саны өсіп жатыр. Сондай-ақ, COVID-19 пандемиясының салдары, соның ішінде антибиотиктерді бақылаусыз тағайындау аурудың өсуіне ықпал етті.


Оқи отырыңыз: 50-70 жас аралығындағы қазақстандықтар тоқ ішек обыры скринингін тегін өте алады


Соңғы жылдары Қазақстанда ішектің қабыну ауруларын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық процедуралар кеңінен енгізілді. ІАЗҚҒҚ мен Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ бірлесе отырып, ересектер мен балалардағы ішек ауруларына кез келген күдік туындаған кезде үлкен диагностикалық маңызы бар ішектің трансабдоминальды ультрадыбыстық зерттеуін (ТУДЗ) енгізді. Инвазивті емес, арнайы дайындықтың қажеті жоқ, қолжетімділік және ақпараттандыру – бұл әдістің айқын артықшылықтары. КжІАҒЗИ-да видеокапсулалық эндоскопиямен қатар интестиноскопия – аш ішек патологиясын диагностикалаудың жоғары технологиялық әдістері де енгізіліп жатыр. Сондай-ақ, диагностиканың өте тиімді әдісі – магниттік-резонанстық энтерография КжІАҒЗИ-да қолжетімді.

"Біздің институт базасында стационарлық және амбулаториялық пациенттер үшін IҚА мамандандырылған орталығының жұмыс істеуі үшін барлық жағдайлар жасалған. Біз диагностиканың заманауи әдістерін – ішектің ультрадыбыстық және МР энтерографиясын енгізіп жатырмыз. Биологиялық терапияға қол жетімділікті барынша арттырудамыз – бұл препараттардың арсеналы пациенттерге тәулік бойғы стационар шеңберінде де, стационарды алмастыратын көмек шеңберінде де қолжетімді. Сондай-ақ, біздің гастроэнтерологтар, эндоскопистер диагностикалық және емдеу процедураларының жаңа әдістерін енгізіп жатыр", – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов.

Марат Пашимов / Фото: ІАЗҚҒҚ

Оқи отырыңыз: Қай жаста және қандай аурулар бойынша тегін скринингтен өтуге болады?


IҚА бойынша жетекші маман, медицина ғылымдарының кандидаты Джамиля Кайбуллаева атап өткендей, Қазақстанда диагностиканы кеңейтумен қатар, денсаулық сақтау мамандарының білім алуы дұрыс жолға қойылды және бұл жергілікті жерлерде клиникалық буынның нәтижелі жұмысы үшін өте маңызды.

Елімізде ІҚА үйлестіру орталығы жұмыс істейді, ол КжІАҒЗИ базасында дәрігерлерге 3 және 4 деңгейдегі мамандандырылған көмек көрсетеді: бұл білім беру орталығы, өңірлердегі дәрігерлерге консультациялық-әдістемелік көмек (телемедициналық консультациялар) және пациенттерді амбулаториялық емдеуде консалтинг.

Форум қатысушылары / Фото: ІАЗҚҒҚ

Әрине, диагностиканың инновациялық әдістерін кеңінен енгізу – үлкен жетістік, бұл ерте кезеңдерде IҚА анықтауды арттыруға мүмкіндік берді. Дегенмен, сырқаттанушылықтың өсуі жинақталған мәселелерді шешуді, емдеу хаттамаларын жаңартуды, дәрігерлерді сапалы даярлауды және біліктілігін арттыруды талап етеді. Осы мәселелердің барлығы IҚА VII Ұлттық форумына қатысушылардың назарына ұсынылады.

Елімізде IҚА бар пациенттердің бірыңғай дерекқоры (тіркелімі) қалыптасып жатыр. Тіркелген пациенттер санының өсуі еліміздің бүкіл медициналық жүйесінен жаңа тәсілдер мен гастроэнтерологиялық қызметтің ресурстарын арттыруды талап етеді.


Оқи отырыңыз: Жастар арасында инфаркт жиіледі. Дәрігерлер оның басты себептерін атады


Крон ауруы мен ойық жаралы колит өмір бойғы ауруларға жататынына қарамастан, оларды уақтылы дұрыс диагностикалау және сауатты емдеу арқылы аурудың ауыр түрге өтуіне жол бермей, тұрақты ремиссияға қол жеткізуге болады. Осының арқасында IҚА бар адамдар толыққанды өмір сүре алады, еңбекке аралса алады. Әлемдік фарминдустрия ІҚА емдеу үшін үнемі жаңа, тиімді препараттар шығарып жатыр. Қазақстанда жыл сайын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жақсарып келеді. 2013 жылдан бастап қазіргі заманғы қымбат биологиялық терапияны қоса алғанда, IҚА пациенттерін емдеуді мемлекет өтейді. Дегенмен, бүгінде IҚА-мен ауыратын науқастардың тек 2%-ы биологиялық терапияны алады, ал ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш – 15-30% аралығында.

Марапаттау рәсімі / Фото: ІАЗҚҒҚ

 

Форум барысында "IҚА диагностикасы және емдеу саласындағы үздік маман" және "IҚА диагностикасы мен емдеу саласындағы үздік тәлімгер" байқауларының нәтижелері жарияланды. Павлодарлық гастроэнтеролог Елена Гладышева үздік маман атанса, Астана қаласының №1 көпсалалы қалалық ауруханасының Колопроктология орталығының меңгерушісі Қазыбек Ағыбаев үздік тәлімгер атанды.

Серіктестер жаңалықтары