Қазақстанда онлайн-платформаларда балағат сөз қолданғандар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілмек. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің мәжіліс депутаттарының сауалына берген ресми жауабында белгілі болды.
Үкімет басшысының түсіндіруінше, қазіргі қолданыстағы заңнама аясында мұндай құқық бұзушылықтар "ұсақ бұзақылық" ретінде қарастырылады.
"Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 434-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда балағат сөз айту, жеке тұлғаларға тиісу және айналасындағыларға құрметсіздік білдіретін, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын өзге де осындай әрекеттер ұсақ бұзақылық саналады және әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Мұндай әрекеттер үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу немесе 20-дан 60 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не болмаса 5 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу көзделген", – деп атап өтті премьер-министр.
Оқи отырыңыз: Джеки Чан Қазақстанда: Маңғыстауда "Доспехи Бога 4: Ультиматум" фильмінің түсірілімі басталды
Жаңа заң жобасы не өзгертеді?
Бүгінгі таңда елде "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленген.
Жаңа түзетулер қабылданса, интернет кеңістігі де қоғамдық орындармен теңестірілмек.
Құқықтық негіз: ӘҚБтК-нің 434-бабына арнайы толықтыру енгізіледі:
- жауапкершілік: Әлеуметтік желілер мен өзге де онлайн-платформаларда балағат сөз жазғандар мен айтқандарға әкімшілік жауаптылық белгіленеді;
- айыппұл мөлшері: Бүгінгі таңда 20 АЕК көрсеткіші шамамен 86 мың теңгені құрайды.
Олжас Бектеновтің мәлімдеуінше, бұл шаралар цифрлық кеңістіктегі мәдениетті арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.