Қазақстанда футбол стадиондары УЕФА талаптарына сәйкестендіріледі

Республикада 12 жаңа стадионның құрылысы жоспарланып отыр.

Қазақстан футбол федерациясы УЕФА мамандарымен бірге бекіткен 2034 жылға дейінгі қазақстандық футболды дамыту стратегиясы аясында елдегі футбол стандарттарын УЕФА халықаралық стандарттарына сәйкестендіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектенов сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтты. 

Оның мәліметінше, стратегияда жалпы Қазақстанда кәсіпқой және әуесқой футболды кешенді дамытудың, футболшыларды даярлау жүйесін құрудың ерекшеліктері, футбол бизнесі индустриясын құру, халықаралық аренадағы спорттық нәтижелерді жақсарту бағытында кәсіпқой футболды трансформациялау қарастырылған.

"Министрлік республика бойынша барлық спорт нысандарына түгендеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, елімізде спорттың ойын түрлеріне арналған (футбол, волейбол, стритбол, воркаут) 6100 жазықтық алаң бар, оның ішінде 1200-ден астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Ауылдық балалар мен жасөспірімдердің жыл бойы футболмен, мини футболмен және спорттық ойындармен шұғылдануы үшін 358 спорттық кешен қолданылуда", – деді Олжас Бектенов.

Үкімет мәліметі бойынша, Қазақстанда 1 500-ден 30 000 орындық тиісті санаттағы 28 негізгі стадион бар, сондай-ақ Қызылорда қаласында 10 мың орындық трибуналары бар бір стадион салынып жатыр. Одан басқа елімізде 12 стадион құрылысы жоспарланып отыр. 


Оқи отырыңыз:


 

Серіктестер жаңалықтары