Қазақстанда фармацевтикалық кәсіпорындардың өндіріс көлемі соңғы үш жылда 37%-ға өсіп, 191 млрд теңгеге жетті. Өндірістің өсу қарқыны 2026 жылы да жалғасып отыр, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Үкімет мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісінің көлемі 126,6 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға жоғары.
"Қазір елімізде фармацевтикалық және медициналық өнім шығаратын 209 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 43-і дәрі-дәрмек өндіреді. 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша отандық өнімнің заттай үлесі 40,3%-ға жеткен. Отандық компаниялар бүгінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 2 994 атауын тіркеген. Кәсіпорындар бактерияға қарсы, жүрек-қан тамырлары ауруларына арналған, ауырсынуды басатын және қабынуға қарсы препараттар, сондай-ақ орталық жүйке жүйесі ауруларын емдеуге арналған дәрі-дәрмектер шығарады. Сонымен қатар ұзақ мерзімді сатып алу тетігі дамып келеді. 2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, 31 отандық өндірушімен 2 022 өнім атауын жеткізуге 83 шарт жасалған", – делінген хабарламада.
Үкіметтің хабарлауынша, бұл кәсіпорындарға өнімге деген сұранысты алдын ала жоспарлап, өндірістік қуаттарды толық пайдалануға және жаңа препараттар шығаруға мүмкіндік береді. Дәрілік заттар GMP стандарттарына сәйкес өндіріледі.
"Фармацевтика саласына шетелдік компаниялар да инвестиция салып жатыр. AstraZeneca, Pfizer және Roche өндірісті локализациялау және технологияларды Қазақстанға беру жобаларына қатысып жатыр. 2025 жылы фармацевтика өнеркәсібіне салынған инвестиция 56%-ға өсіп, 142,8 млн долларға жеткен. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында салаға тағы 7,1 млн доллар инвестиция тартылған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен фармацевтикалық өндірістерді салу және кеңейту бойынша сегіз ірі жоба жүзеге асырылып жатыр", – делінген хабарламада.
Жобалар іске қосылғаннан кейін Қазақстанда алғаш рет онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, аутоиммунды, орфандық және инфекциялық ауруларды, сондай-ақ қант диабетін емдеуге арналған 494-тен астам дәрілік затты өндіру мүмкіндігі пайда болады.
Осылайша, отандық фармацевтика өндіріс көлемін арттырумен қатар, жаңа технологияларды енгізу, шетелдік өндірісті локализациялау және елдегі дәрі-дәрмек қолжетімділігін жақсарту бағытында дамып келеді.