Қазақстанда білім беру жүйесіне жасанды интеллект құралдарын енгізу жөніндегі ұлттық жоба бастау алды. Бастама OpenAI компаниясымен бірлесіп ұйымдастырылып отыр. Оның аясында 165 мың педагог білім беру мақсаттарына арнайы әзірленген ChatGPT-дің нұсқасы – ChatGPT Edu жүйесіне қол жеткізе алады.
ChatGPT Edu лицензиялары білім беру жүйесінің барлық деңгейінде, атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдар, мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарының, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттары мен Astana Hub арасында таратылады. Жоба Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің қатысуымен жүзеге асып отыр.
"ЖИ негізіндегі озық технологиялардың көмегімен әр адамның әлеуетін арттыруда білім саласының атқаратын рөлі орасан. Қазақстан мен OpenAI арасындағы серіктестік мемлекеттің педагогтерге пайдалы құралдар ұсынып, практикалық қолдау мен оқуға деген қолжетімділікті арттыру арқылы ЖИ машықтарын меңгерудегі алшақтықты қалай еңсере алатынын көрсетті. Мұндай қадам бүкіл білім беру жүйесінің болашағына ұзақмерзімді ықпал етуге көмектеседі", – деді OpenAI өкілі Кевин Миллс.
Жобаға қатысушылар үшін лицензиялар тегін ұсынылады, ал оларды іске қосу отандық BilimClass платформасы негізінде әзірленген ai.bilimclass.kz арнайы сервисі арқылы жүргізіледі.
ChatGPT Edu көмегімен педагогтер сабақ жоспарын әзірлеп, тапсырмалар мен тест сұрақтарын дайындауға, сонымен қатар оқу материалдарын әр білім алушының деңгейі мен қажеттілігіне қарай бейімдеуге мүмкіндік алады. Жоба нәтижесінде педагогтердің сабаққа дайындалуға, тапсырмаларды тексеруге, есеп беруге және басқа да бірізді жұмысқа кететін уақыты едәуір қысқарады.
USD:
469.9 / 472.9
EUR:
552.5 / 557.5
RUB:
6.01 / 6.13

