Picodi.com командасы 2023 жылы әлемнің ондаған елдерінде ең төменгі жалақының қалай өзгергенін және оның сомасы азық-түлік алуға қаншалықты жететінін зерттеді.
Зерттеуге ең төменгі жалақы заңмен бекітілген 67 ел қатысқан. Рейтинг әділ болуы үшін қызметкердің қолына алатын немесе банк шотына аударылатын "таза" жалақысы азық-түлік бағасымен салыстырылды.
Қазақстан ең төменгі жалақының өсу рейтингінде 15-орында: бүгінде "таза" ең төменгі жалақы 61 467 теңгені құрайды. 2022 жылмен салыстырғанда жалақы 16,6%-ға өскен. Былтыр көрсеткіш 52 701 теңгені құраған болатын.
"Бұл зерттеуде шартты азық-түлік себетін жасақтап, оның құнын ең төменгі жалақымен салыстырдық. Себет нан, сүт, жұмыртқа, күріш, ірімшік, ет, жемістер мен көкөністерден тұрады. Тізім өте жұтаң болса да, осы өнімдер орташа статистикалық ересек адамның ең аз тамақтану қажетін қанағаттандыра алады", – деп жазылған зерттеуде.
Азық-түлік бағасы:
- Сүт (10 литр) – 4 310 теңге;
- Нан (10 бөлке) – 1540 теңге;
- Күріш (1,5 кг) – 650 теңге;
- Жұмыртқа (20 дана) – 990 теңге;
- Ірімшік (1 кг) – 3 180 теңге;
- Ет (6 кг) – 14 350 теңге;
- Жеміс (6 кг) – 4 110 теңге;
- Көкөністер (8 кг) – 2 780 теңге.
Мұндай азық-түлік себетінің құны 2023 жылдың басында 31 910 теңгені құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20,6 пайызға көп. Мұндай азық-түлік себеті салықтарды қоспағанда ең төменгі жалақының 51,9%-ына тең. Былтыр бұл көрсеткіш 50,2 пайызды құраған болатын. Биыл Қазақстанда бағаның өсуі ең төменгі жалақының өсуінен асып түскен.
Өткен жылдардағы бірдей азық-түлік себетінің құны келесідей:
- 2019 жылдың қаңтары – 20 914 теңге;
- 2020 жылдың қаңтары – 22 200 теңге;
- 2021 жылдың қаңтары – 25 280 теңге;
- 2022 жылдың қаңтары – 26 460 теңге;
- 2023 жылдың қаңтары – 31 910 теңге.
Қазақстан ең төменгі жалақы мен азық-түлік бағасының арақатынасы рейтингінде 60-орында. Тізімде көш бастаған Ұлыбританияда азық-түлік ең төменгі жалақының 6,5 пайызын ғана құрайды.
Зерттеуде 2023 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енген ең төменгі жалақы сомасы 2022 жылдың қаңтарындағы сомамен салыстырылды. Тізімге жалақыны кәсіподақтар айқындайтын және ең төменгі жалақы заңмен бекітілмеген елдер енбеді.