Ұлттық экономика министрлігі бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда нақты мерзімі әзірге белгісіз.
Вице-министр бұл шешім бірнеше экономикалық көрсеткішке байланысты қабылданатынын атап өтті. Оның ішінде негізгі факторлардың бірі – медианалық жалақы деңгейі.
"Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы медианалық жалақының шамамен 50%-ын құрайды. Біздің елде медианалық жалақы шамамен 302 мың теңге. Сондықтан ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге жеткізу – жақын уақыттағы мақсатымыз. Бірақ бұл бюджет мүмкіндіктеріне байланысты жүзеге асады", – деді Азамат Әмрин.
Сонымен қатар ол ең төменгі жалақының өсуі мемлекеттік бюджеттің кірісіне тікелей тәуелді екенін жеткізді.