Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою тәртібі өзгереді. Жаңа ережелер 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап күшіне енеді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жаңа талапқа сәйкес, тұрғын үйдің 50 пайызы немесе одан көп үлесі өз атына тіркелген азаматтар енді баспана кезегіне қойылмайды. Мемлекет мұндай азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етілген деп есептейді.
Бұл талап тек 14 қыркүйектен кейін өтініш беретіндерге қатысты болады. Ал қазірдің өзінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәртебесі өзгермейді. Сонымен қатар "отбасы мүшесі" ұғымы кеңейтіледі. Енді оған жұбайының ата-анасы, немерелері және қамқорлықтағы адамдар да енгізіледі. Жаңа өзгерістерге сәйкес, көпбалалы отбасыларға баспана бөлу кезінде енді пәтердің жалпы ауданы емес, бөлме саны көбірек ескеріледі.
Сарапшылардың пікірінше, бұл тәсіл тұрғын үй таңдау мүмкіндігін арттырып, кезектің жылжуын жеделдетуі мүмкін. Сонымен қатар:
- апатты тұрғын үйде тұратын азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуді әкімдіктер жалғастырады;
- жетім балалардың тұрғын үй кезегіндегі құқықтары сақталады. Егер бала асырап алу, қорғаншылық немесе қамқоршылық тоқтатылса, олар тұрғын үй кезегіне алғаш қойылған күнін жоғалтпайды;
- ауыл тұрғындары жалдамалы тұрғын үйді өздері таңдап, өтініш бере алады.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа талаптардың негізгі мақсаты – мемлекеттік тұрғын үй қолдауын шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттау. Сонымен қатар кезекте тұрғандардың мәліметтері автоматты түрде жаңартылып, талаптарға сай келмейтін азаматтарды анықтау жеңілдейді.