Қазақстанда жаздың соңғы аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
"Бір апта ішінде пияздың бағасы 7,2%-ға, сәбіз 4,6%-ға, картоп 3,2%-ға, ақ қырыққабат 3,1%-ға, алма 1%-ға арзандаған. Өңірлер бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі бір аптада Жезқазғанда 0,4%-ға, Қостанайда 0,2%-ға, Ақтау мен Қарағандыда 0,1%-ға төмендеген", – делінген хабарламада.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 166 теңге болған. Ең арзан пияз Түркістанда сатылған – бір келісі 135 теңге.
"Сәбіздің республика бойынша орташа бағасы 238 теңге. Ең төмен баға Павлодарда тіркелген, онда сәбіздің келісі 155 теңге болған. Қазақстанда картоптың орташа бағасы килограмына 234 теңге болды", – делінген хабарламада.
Ең арзан картоп Павлодар мен Қостанайда тіркелген.