Қазақстанда азаматтық авиация саласындағы жаңа мамандықтар мен құзіреттіліктердің Салалық атласы әзірленді. Осы құжатты таныстыру және талқылау мақсатында Алматы қаласында сарапшылық кеңес өтті. Кездесу барысында ұсынылған атлас жобасы сала қатысушыларының кең талқысынан өтіп, қолдау тапты. Құжатта алдағы 15 жылда сұранысқа ие болатын мамандықтар мен негізгі дағдылар айқындалған.
Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиeваның айтуынша, әлемде әуе тасымалы көлемінің артуы жоғары білікті мамандарға деген қажеттілікті күшейтеді.
"Салалық атлас кадр даярлау жүйесін нақты іс-әрекеттерге бағыттап, саладағы бірыңғай даму векторын қалыптастыруға мүмкіндік береді", – деді ол.
Атластың негізгі нәтижелерінің бірі – цифрландыру, жасанды интеллект, тұрақты даму және ұшқышсыз технологиялармен байланысты жаңа мамандықтардың пайда болуы. Олардың қатарында әуе қозғалысын басқаруға арналған жасанды интеллект жүйелерін әзірлеушілер, интеллектуалды диспетчерлік жүйе жобалаушылары, киберпсихологтар мен коучтар, сутегі қауіпсіздігі инженерлері, сондай-ақ тұрақты авиациялық отын жеткізу тізбегінің мамандары бар.
Сонымен бірге, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған "эмоциялық логистика" талдаушылары мен сервистік кеңістікті жобалайтын мамандар да сұранысқа ие болмақ. Ұшқышсыз авиация саласы да ерекше назарда: бұл бағытта операторлардан бастап робот техникасы инженерлеріне дейінгі кең ауқымды кадрлар қажет болады.
Сарапшылардың пікірінше, болашақта ұшқыштар, инженерлер мен диспетчерлер автоматтандырылған жүйелермен, жасанды интеллектпен және цифрлық модельдермен тығыз жұмыс істейді. Осыған байланысты қолмен атқарылатын, төмен деңгейде автоматтандырылған қызметтерге сұраныс біртіндеп азаяды.
Дегенмен, технологиялардың дамуына қарамастан, адам капиталы авиация саласында шешуші рөл атқара береді. Қазірдің өзінде салада кадр тапшылығы байқалады және бұл қажеттілік алдағы жылдары, әсіресе 2029 жылға қарай, айтарлықтай артуы мүмкін.
Қатысушылардың айтуынша, жаңа атлас мемлекетке кадр саясатын тиімді жоспарлауға, бизнеске қызметкерлерді дамытуға, ал жастарға болашақ мамандығын таңдауда нақты бағыт-бағдар береді.
Оқи отырыңыз:
IATA көміртек сауда жүйесін қайта қарауға шақырды
2050 жылға қарай әуе жолаушыларының саны 2 есе көбейеді – IATA
USD:
481.1 / 484.1
EUR:
556.5 / 561.5
RUB:
5.77 / 5.97