USD: 471.5 / 474.5
  • EUR: 537.5 / 542.5
  • RUB: 5.65 / 5.77
Тікелей эфир
Алматы +30C
Все города

Қазақстан жасанды интеллект дәуіріндегі технологиялық өзгеріске қалай дайындалып жатыр

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Сарапшылар Қазақстанға жаңа дата-орталық қажет деп санайды.

Жасанды интеллект бүгінде тек IT саласының құралы емес, экономиканың жаңа драйверіне айналып келеді. Әлем елдері бұл бағытта жарыса дамып жатқанда, Қазақстан да цифрлық трансформацияны жеделдетіп, жасанды интеллектіні мемлекеттік басқарудан бастап ауыл шаруашылығына дейінгі салаларға енгізуге кірісті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық жасанды интеллект конференциясында Қазақстанның бұл саладағы мақсаты – дайын технологияларды қолданушы ел ғана емес, өз шешімдерін әзірлейтін мемлекет болу екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллектіні дамыту кезінде технологияның мүмкіндігімен қатар, қауіпсіздік пен этика мәселесіне де назар аудару қажет. Себебі, AI құралдарының кең таралуы жаңа мүмкіндіктермен бірге дипфейк, цифрлық алаяқтық және кибершабуыл сияқты қауіптерді де күшейтіп отыр.

Медиасарапшы, экономист Айбар Олжайдың пікірінше, цифрландыру енді жай ғана технологиялық жаңалық емес, экономикалық өсудің негізгі факторына айналып отыр.

"Жаңа заманның басты трендтерінің бірі – цифрландыру. Технологиялар қарапайым сервистен экономиканың драйверіне айналуы тиіс. Сондықтан ең маңызды мәселенің бірі – кадр даярлау. Алдағы жылдары білікті мамандар тапшылығы күшеюі мүмкін. Болашақта елімізде 400 мыңнан астам білікті маман тапшы болады деген болжам бар. Бұл жағдайда халықтың жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеу қабілетін арттыру маңызды", – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, жасанды интеллект саласын дамыту үшін тек IT мамандарын даярлау жеткіліксіз. Ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланыс күшейіп, жаңа технологиялар экономиканың нақты секторларына енгізілуі қажет.

Қазақстанда осы бағытта ұлттық цифрлық экожүйе қалыптастыру, IT-мамандар даярлау, ғылыми зерттеулерді қолдау және инновациялық жобаларды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде жасанды интеллект шешімдері медицина, білім беру, қаржы, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында қолданылып жатыр.

Айбар Олжайдың сөзінше, цифрлық дамудың негізінде инфрақұрылым мен деректерді тиімді пайдалану жатыр. Киберқауіпсіздік және цифрлық ортадағы адам құқықтары да назардан тыс қалмай, алаяқтарды бірден анықтайтын жасанды интеллектке негізделген ұлттық жүйе енгізілуі керек. 

Ал IT сарапшы Тимур Бектұр Қазақстанға жаңа дата-орталық керек деген пікірін бөлісті. 

"Жасанды интеллект технологияларының қаншалық қуатты құрал екенін көпшілік түсінбей жатыр. Оны сұрақ-жауап форматында ғана қолданады. Әлем де жасанды интеллектіні енді танып жатыр. Қазақстан екі суперкомпьютер сатып алды. Цифрлық хабқа айналу үшін ол бәрібір жетпейді. Суперкомпьютер әзірге мемлекеттік, квазимемлекеттік мекемелерге, университеттерге, Astana Hub-тағы стартаптарға қызмет көрсететін деңгейде болған соң, жалпы халыққа бірден бөліп беруге әлеуеті жетпеуі мүмкін. Сондықтан бізге жаңа дата-орталық керек", – деді IT сарапшы Тимур Бектұр. 

Жасанды интеллектіні дамыту Қазақстан үшін тек технологиялық мүмкіндік емес, экономиканы әртараптандырудың және халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттырудың бір жолы. Келешекте цифрлық сауатты мамандар мен инновациялық шешімдер ел дамуының негізгі факторларының біріне айналуы мүмкін.

Цифрландыру киберқауіпсіздік мәселесін алдыңғы қатарға шығарды. Мемлекеттік жүйелер мен азаматтардың жеке деректерін қорғау, ақпараттық шабуылдардың алдын алу – жаңа дәуірдегі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау