Тікелей эфир

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев сайлауда дауыс берді

Сағат 18.10-дағы жағдай бойынша, 6,3 миллион адам дауыс берді.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Астанадағы № 137 сайлау учаскесінде парламент мәжілісі мен өңірлік мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс берді.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев

 

"Өткен парламенттік сайлау кампаниясы Жаңа Қазақстан құруға жасалған алғашқы және нақты қадам болды. Шындығында мұндай оң өзгеріс президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларының арқасында жүзеге асты. Қазақстан жаңа саяси реформаларға нық қадам басты. Президент өз сөзіне адал болды. Халықаралық және ішкі жағдайға қарамастан, парламенттік сайлау өтті", – деді партия төрағасы.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлау қалай өтіп жатыр? Live


Ол тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет можаритарлық жүйеге 30% берілгенін, бұл қоғамның сұранысы екенін атап өтті.

"Себебі отандастарымыздың басым көпшілігі партия құрамында жоқ. Оң өзгеріс нәтижесінде қоғамдық көшбасшылар да додаға түсіп, бақ сынады. Бұл ел тәуелсіздігінің 30 жылдан астам тарихындағы ең қызықты, мазмұнды және  бәсекеге толы сайлау болды", – деді Ермұхамет Ертісбаев.

Халық партиясы төрағасының пікірінше, тарихтың объектісі болған азаматтар осы тарихтың субъектісіне айналды және солай болуы керек.

"Бұл – халықтың жеңісі. Біз саяси сауатты мемлекетке айналдық. Біз Әділетті және жаңа Қазақстан құрамыз. Бұл – Парламенттік сайлаудың басты нәтижесі", – деп сөзін түйіндеді ол.


Оқи отырыңыз: Партия төрағалары дауыс беріп, сайлау нәтижесі қалай боларына қатысты пікір білдірді


Айта кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісі мен өңірлік мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылдың 19 наурызында өтті. Оларға жеті партияның өкілдері, сондай-ақ бір мандатты округтер бойынша бақ сынаған үміткерлер қатысты.

Серіктестер жаңалықтары