Тікелей эфир

Партия төрағалары дауыс беріп, сайлау нәтижесі қалай боларына қатысты пікір білдірді

Тек денсаулық жағдайына байланысты Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың дауыс беретін-бермейтіні белгісіз.

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлауда алғашқылардың бірі болып Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов дауыс берді. Ол өз таңдауын Астанадағы №110 сайлау учаскесінде жасады.

Ерлан Қошанов дауыс беріп жатыр / Фото: informburo.kz

Журналистер одан мәжіліс жасақталған соң, оны кім басқаруы мүмкін екенін сұрады.

"Мәжілісті кім басқаратынын болашақ депутаттар шешеді", – деді Ерлан Қошанов.

Ал "Мәжіліс басшысы лауазымынан шаршадыңыз ба?" деген сұраққа Ерлан Қошанов шаршамағанын айтты.

Одан кейін дауыс беруге Астанадағы №52 сайлау учаскесіне "Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай келді.

"Әр кандидат жеңемін деп ойлайды. Біз де жеңеміз деп ойлаймыз. Бірақ бұл жерде таңдау бәрібір халыққа байланысты екенін түсінеміз. Кімді таңдауды халық өзі шешеді, сондықтан көре жатармыз. Бүгінгі таңда ең бастысы белсенділік. Халықтың белсенді болғанын қалаймын, бұл үлкен жұмыс. Бүгін еліміздің тағдырын шешетін адамдарды сайлау болып жатыр, сондықтан халық белсенді болуы керек", – деді Азаматхан Әміртай.

"Ауыл" партиясының төрағасы Әли Бектаев №113 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Әли Бектаев дауыс беріп жатыр / Фото: informburo.kz

Журналистер Әли Бектаевтан да партияның сайлауда жеңу мүмкіндігі туралы сұрады. Партия төрағасы бұл туралы қазір айтуға ерте екенін айтты.

ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов болса, №158 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. 

Асхат Рахымжанов дауыс беріп жатыр / Фото: informburo.kz

"Біз үгіт-насихат жұмыстарының қалай өткенін, белсенділеріміздің қалай жұмыс істегенін, партия мүшелерінің қалай жұмыс істегенін, бұл жұмысқа қандай ынтамен қарағанына қарап бағалаймыз және науқан барысында алған пікірлерімізді ескере отырып, біз бұл пайыздық кедергіні (партия өкілдерінің мәжіліске өтуі үшін – авт.) еңсереміз", – деді ЖСДП төрағасы.

"Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев №122 сайлау учаскесінде дауыс берді. 

Азат Перуашев дауыс беріп жатыр / Фото: informburo.kz

"Біз сайлаудан әділ Қазақстанды күтеміз. Менің ойымша, 20 жыл бойы мұндай ашық, қызу сайлау науқаны, қоғамда көтеріліп, талқыланған ауқымды мәселелер болмаған шығар. Қоғам мен мемлекет осы қарқынды бәсеңдетпей, диалогты жалғастыра берсе, осындай ашық қарым-қатынастар болса, біз шынымен де өмірімізді жақсартып, адал етуге тиіс өте үлкен өзгерістердің басында тұрмыз", – деді "Ақ жол" партиясының төрағасы.

Ал Resbublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров №393 сайлау учаскесінде таңдау жасап, журналистердің сұрағына жауап берді.

Айдарбек Қожаназаров дауыс беріп жатыр / Фото: informburo.kz

"Бұл сайлау біз үшін бенефис деуге болады. Біз ақыры еліміздің, ұрпағымыздың тағдыры мен өмірін қолға алдық. Бұл сайлау тек партия үшін емес, біздің ұрпақ үшін маңызды деп ойлаймын. Бұл сайлаудан күтетін өзгерістерге келсек, бюджеттің әділ бөлінуіне, халықты шын мәнінде алаңдататын заңдардың қабылдануына әсер еткіміз келеді. Мысалы, Қазақстанда мың бір мәселе бар, бірақ біз мың бірінші мәселені талқылауға аламыз. Түкіру туралы заңды алайық. Бұл заңнан бірде-бір қазақстандық бақытты және табысты болып кетпеді, бірақ неге екені белгісіз уақытты босқа өткізіп жатырмыз. Уақытымыз өте аз. 30-50 жылға ғана жететін мұнай қалды, осы жылдар ішінде біз балаларымыз бен немерелеріміз мұнай мен газдан тәуелсіз, гүлденген елде өмір сүруі үшін бар күшімізді салуымыз керек. Бұрынғы парламент мүшелерінің көпшілігі 30-50 жылдан кейін болмайтынын түсінеміз, бірақ біз бұған мүдделіміз", – деді партия төрағасы.

Серіктестер жаңалықтары