Қазақстан халқы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Жетісуда қандай бастамалар жүзеге асып жатыр

Фото: Жетісу облысы әкімдігі баспасөз қызметі
Фото: Жетісу облысы әкімдігі баспасөз қызметі
Жыл басынан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік құрылымдарымен тығыз ынтымақтастық аясында жалпы саны 23 854 адамды қамтыған 275 іс-шара ұйымдастырылған.

30 жыл бұрын негізі қаланған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде еліміздегі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың кепіліне айналып отыр. Қазақстанның көпэтносты қоғамында ұлтаралық түсіністік пен бейбіт өмір сүру мәдениетін қалыптастыруда Ассамблеяның атқарып жатқан рөлі ерекше. Осыған орай, Жетісу облысында да Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар кешені жүзеге асырылып келеді. Ел бірлігін нығайту, этностар арасындағы достық пен өзара құрметті дәріптеу бағытында түрлі жобалар мен бастамалар қолға алынып жатыр.

Аталған жұмыстардың жай-жапсары туралы Жетісу облыстық "Қоғамдық келісім" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Еркебұлан Ақболатов айтып берді. Оның айтуынша, өңірде әлеуметтік, мәдени, ағартушылық және ақпараттық бағыттағы жобалар жүйелі түрде іске асырылып, қоғамдық келісім идеялары кеңінен насихатталуда.

"Жыл басынан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік құрылымдарымен тығыз ынтымақтастық аясында жалпы саны 23 854 адамды қамтыған 275 іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шаралар этносаралық келісімді нығайту, халықтар арасындағы достықты тереңдету және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мақсатында әртүрлі форматта өтті. Сонымен қатар, аудандық филиалдар тарапынан да белсенді жұмыс жүргізіліп, 2 431 адам қатысқан 62 іс-шара сәтті өткізілді. Іс-шаралар барысында этностар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді арттыру, ортақ мақсаттар төңірегінде біріге отырып әрекет ету, қоғамдық келісім мен бірлікті сақтауға деген ұмтылыс негізгі басымдық ретінде айқындалды. Кездесулер, дөңгелек үстелдер, мәдени-көпшілік және ағартушылық бағыттағы іс-шаралар арқылы қатысушылардың белсенділігі артып, әртүрлі ұлт өкілдерінің қоғамдағы орны мен үлесі туралы ой-пікірлер ортаға салынды. Бұл бастамалар халықтар арасындағы татулық пен өзара сыйластықты нығайтып қана қоймай, азаматтардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, жастардың бойында бейбітшілік пен келісім құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етті. Жалпы алғанда, атқарылған жұмыстар өңірде қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен этносаралық үйлесімді дамытуда маңызды рөл атқарды", – деді Еркебұлан Ақболатов. 

Фото: Жетісу облысы әкімдігі баспасөз қызметі 

Мекеме жетекшісінің айтуынша, Жетісу өңірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған көпсалалы жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда облыс аумағында ҚХА-ның 12 қоғамдық құрылымы белсенді түрде жұмыс атқарып отыр. Олардың қатарында – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Этномедиация кеңесі, Жас ғалымдар клубы, Жетекші журналистер мен сарапшылар клубтары, Ғылыми-сараптамалық топ, Депутаттық топ, "Жомарт жан" орталығы, Тіл кабинеті, "Ассамблея жастары" қоғамдық бірлестігі және ҚХА кафедрасы бар. Әрбір құрылым өз бағыты бойынша маңызды әлеуметтік, мәдени және ағартушылық жұмыстар жүргізіп, өңірдегі этносаралық келісімді сақтау мен дамытуға өзіндік үлес қосып отыр.

"Сонымен қатар, өңірімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 13 ұлттық жобасы аясында ауқымды іс-шаралар кешені тұрақты түрде іске асырылуда. Аталған жобалар халықтың барлық жас санаты мен әлеуметтік топтарын қамтып, ел ішіндегі татулық пен ынтымақты нығайтуға бағытталған. 2024 жылдың басынан бері осы жобалар аясында 200-ге жуық іс-шара өткізілді. Мәселен, "Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар" жобасы аясында 8 іс-шара ұйымдастырылып, халық пен билік өкілдері арасындағы тиімді байланыс орнатуға жол ашылды. "Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі" жобасы шеңберінде 17 іс-шара өткізіліп, мемлекеттік тілді дамытуға және оның біріктіруші ретіндегі рөлін нығайтуға мән берілді. Ал "Бірлігіміз – әралуандықта" жобасы арқылы 12 шара ұйымдастырылып, этносаралық ынтымақтастықты арттыру көзделді. Сонымен бірге, қайырымдылықты насихаттайтын "Жомарт жан" жобасы аясында 46 іс-шара өткізілді, бұл шараларға 971 адам тартылды. Ақпараттық кеңістіктегі этномәдени тақырыптарды жариялауға арналған "Ассамблея айнасы" жобасы бойынша 13 шара, ал қоғамдық келісім мен сенімді нығайтуға бағытталған "Біртұтас қоғам: келісім және сенім" жобасы аясында 12 шара ұйымдастырылды", – деп түсіндірді мекеме басшысы. 


Оқи отырыңыз: Талдықорғандағы бір мурал қалай ұлттар достығының символына айналды? Суретшімен сұхбат


Одан бөлек, әлеуметтік жаңғыруға бағытталған "Этномәдени бірлестіктер: реформалардың әлеуметтік базасы" жобасы аясында 7, сана мен көзқарас мәдениетін қалыптастыратын "Салауатты сана" жобасы бойынша 24, адалдық пен әділдік құндылықтарын дәріптейтін "Адал азамат" жобасы аясында 9 шара өткен. Татуласу мен бейбітшілікке үндейтін "Елдесу және татуласу" жобасы – 39 іс-шарамен қамтылса, жастарды қолдауға бағытталған "Жаңа толқын" жобасы аясында 6 шара, этностар арасындағы тарихи байланыстарды зерттейтін "Тамырлас" жобасы аясында 4 шара жүзеге асқан. Сонымен қатар, ғылыми-ағартушылық бағыттағы "Қазақстан халқы Ассамблеясының академиясы" жобасы аясында да 3 маңызды іс-шара ұйымдастырылды.

Фото: Жетісу облысы әкімдігі баспасөз қызметі 

"Осылайша, Жетісу өңірінде этносаралық келісімді сақтау, қоғамдық бірлікті нығайту және ұлттық құндылықтарды ұлықтау бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп, әрбір жобаның нақты нәтижесі қоғам өмірінен көрініс табуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойын кең ауқымда атап өту мақсатында Жетісу өңірінде мазмұнды әрі маңызы зор іс-шаралар легі жоспарланған. Атап айтқанда, жыл бойы облыс көлемінде 70-тен астам түрлі форматтағы іс-шара өткізу көзделіп отыр. Бұл шаралар өңірдегі этносаралық келісімді нығайту, Ассамблеяның тарихи рөлін насихаттау және бейбітшілік пен бірлік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған. Атаулы мерейтойға орай, биыл 1 наурыз күні Достық үйінің ғимаратында арнайы естелік тақта орнатылды. Бұл символдық белгі – өңірдегі этностар арасындағы өзара түсіністік пен достықтың, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғам өміріндегі маңызды орнының көрінісі іспетті", – деп қосты Еркебұлан Ақболатов.

Сонымен қатар, Ассамблеяның үш онжылдық тарихын баяндайтын көркем фильм түсіру және архивтік, тарихи деректерге негізделген кітап шығару жұмыстары да қолға алынды. Қазіргі уақытта дайындалып жатқан фильмнің продюсері – белгілі қоғам қайраткері, медиасаланың өкілі Әбіл Әділбек, ал кітаптың авторы – этносаралық қатынастар тақырыбында терең зерттеулерімен танылған қаламгер Вячеслав Захарович Титенев.


Оқи отырыңыз: Жетісу облысындағы Панфилов ауданы қалай дамып жатыр? Фоторепортаж


Аталған жобалар арқылы Ассамблеяның ел бірлігін сақтаудағы тарихи маңызы мен бүгініне жаңаша көзқарас қалыптастыру, көпұлтты Қазақстан қоғамындағы татулық пен келісімді насихаттау көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай облыста бірқатар жарқын әрі мазмұнды шаралар ұйымдастырылған.

"Солардың бірі – "Бірлік жүгірісі" атты спорттық марафон, ол тұрғындарды салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, қоғамдағы татулық пен келісімнің символына айналды. Бұл бастамаға әр жастағы азаматтар қатысып, рухани бірлік пен ел ішіндегі ынтымақты тағы бір мәрте паш етті. Мерекелік іс-шаралар аясында, Достық үйінің аумағында Қазақстан халқы Ассамблеясы аллеясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аллея – этностар арасындағы достықтың, көпұлтты қоғамның бірлігінің нышаны ретінде бой көтерді. Аталған шара барысында болашақ ұрпаққа арнап уақыт капсуласы да салынды. Бұл – келешекке бағытталған символдық үндеу, жастарға аманат ретінде жолданған ерекше жоба. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында облыс аумағында инфрақұрылымдық көрнекі нысандар орнату жұмыстары қарқынды жүргізілді. Атап айтқанда, 84 билборд, 25 аялдама, 35 жарнамалық құрылғы орнатылып, барлығы да достық пен бірлік идеясын дәріптейтін мазмұнмен безендірілді. Оған қоса, Талдықорған қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде ерекше "мурал" суреті салынды. Бұл көркем туынды – түрлі этнос өкілдерінің татулығы, өзара құрметі, ұлттық сана мен ортақ құндылықтар жайлы идеяны бейнелейді. Осылайша, мерейтойлық шаралар тек бір реттік акция емес, ел жадында сақталатын рухани және мәдени мұраға айналуда", – деді Еркебұлан Ақболатов. 

Фото: Жетісу облысы әкімдігі баспасөз қызметі 

Мекеме өкілінің айтуынша, қоғамды жан-жақты ақпараттандыру және жүргізіліп жатқан жұмыстардың мазмұнын кеңінен насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде белсенді ақпараттық-имидждік жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағытта мекеменің ресми әлеуметтік желілердегі парақшаларында (Instagram, Facebook, Telegram, TikTok) жалпы саны 3310 жазба жарияланып, атқарылған іс-шаралар мен жобалар туралы жедел әрі тұрақты ақпарат берілді.

"Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі жергілікті және республикалық телеарналарда кеңінен көрсетіліп, жалпы саны 182 телевизиялық сюжет эфирге шықты, оның 28-і республикалық телеарналарда ұсынылды. Бұл – Ассамблея жұмысының ел көлемінде танылып, кең аудиторияға жол тартуына мүмкіндік берді. Бұған қоса, жергілікті радиода 2 сұқбат ұйымдастырылып, өңір тұрғындарының этносаралық келісім бағытындағы іс-шаралармен танысуына жол ашылды. Ал өңірлік баспасөз беттерінде 46 мақала жарық көріп, ҚХА-ның бастамалары мен жетістіктері туралы кеңінен ақпарат берілді. Қорыта келе, Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі құндылықтары – бейбітшілік, бірлік, өзара сыйластық пен келісім – Жетісу өңірінде жан-жақты насихатталып, нақты істермен дәлелденіп отыр. Этносаралық татулықты сақтау мен нығайту, халықтың бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл – ел болашағына бағытталған стратегиялық маңызы зор міндеттердің бірі", – деп қорытты мекеме директоры. 


Оқи отырыңыз: Жетісу облысында қайтарылған активтер есебінен 1,4 млрд теңгеге жаңа мектеп салынады


 

lw-3094948329-1

Серіктестер жаңалықтары