Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Ұлыбританиядағы ғылыми-зерттеу экспедициясы аясында ҚР СІМ қолдауымен Лондон, Оксфорд және Манчестер қалаларындағы кітапханалар мен архивтерге, ғылыми орталықтарға барды. Мамандар 15 қолжазба мен 500-ге жуық архив құжатының көшірмесін алды, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Манчестер қаласынан табылған құнды қолжазбалардың бірі – шамамен X-XII ғасырларда алғаш түркі тіліне аударылған қасиетті Құран кітабы. Түркі тіліндегі аудармасы Жүсіп Баласағұнидің "Құтты білік" тіліне өте жақын. Кітаптың түркі-ислам мәдениеті үшін маңызы зор.
Табылған маңызды қолжазбалардың бірі – араб тілінде библиографиялық бағытта жазылған ортағасырлық еңбек. "Китәб мақалаат әр-Рафииъа фии усул ъилм ат-табииъа" (Табиғат ғылымының негіздері жайлы жоғары мақалалар кітабы) кітабында Әбу-Насыр әл Фарабидің өмірбаяны мен қолжазбалары туралы мәліметтер бар. Еуропалық зерттеуші ғалым Карл Броккельман өз еңбегінде қолжазба әл-Фарабиге тиесілі екенін атап көрсеткен.
Қазақстандық мамандарды Оксфордтың Бодлиан кітапханасынан ХІ ғасырдағы парсы тарихшысы Әбу Саид Абд-әл-Хайи-Гардизидің "Зейн әл-ахбар" еңбегі қызықтырды. Қолжазба 1049-1053 жылдар аралығында жазылған. Еңбекте 1032 жылға дейінгі парсы (исламға дейінгі) патшалардың, Мұхаммед пен халифалардың, сондай-ақ Хорасанның 1041 жылға дейінгі тарихы қамтылған. Үндістан, Азияның түркі тайпалары, орыстар, гректер арасындағы ғылым, дін, мерекелер туралы тараулар бар. Аталған қолжазбаның үзінділерін В.В. Бартольд "Моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан" және "1893-1894 жылдардағы Орта Азияға сапар туралы есеп" еңбектерінде қолданған.
Ұлттық орталықтың қызметкерлері мен шетелдік ғалымдар қолжазбалар мен басқа да еңбектерге бірлескен зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.