Тікелей эфир

Қазақстан ШЫҰ бюджетінің қанша пайызын береді

Қазақстан биылдан бастап ұйымдағы үлестік жарнасының мөлшерін азайтады.

Ашық НҚА порталында "Шанхай ынтымақтастық ұйымының бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы бекіту туралы" ҚР президенті жарлығының жобасы жарияланды. Одан Қазақстанның 2024 жылдан бастап ұйымдағы үлестік жарнасының мөлшері 16,4 пайызға азаятыны белгілі болды. Бұрын бұл үлес 17,6 пайызға тең болатын. 

Еске салайық, 2023 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына Иран еніп, мүше елдер саны 8-ден 9-ға артқан болатын. Иранның жарналық үлесі 5,8 пайызға тең. Сәйкесінше, ол өзге елдердің жарнасының мөлшерінің өзгеруіне әкелді. 

Қазіргі таңдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үлестік жарнасының мөлшері: 

  • Қытай Халық Республикасы – 19,1%;
  • Ресей Федерациясы – 19,1%;
  • Қазақстан Республикасы – 16,4%;
  • Өзбекстан Республикасы – 13,6%;
  • Қырғыз Республикасы – 8,2%;
  • Тәжікстан Республикасы – 6%;
  • Үндістан Республикасы – 5,9%;
  • Пәкістан Ислам Республикасы – 5,9%.
  • Иран Ислам Республикасы – 5,8%. 

Оқи отырыңыз: Президент "ШЫҰ-ның киелі орындары" жобасын қолға алуды ұсынды


Еске салайық, 2023 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ШЫҰ-ның киелі орындары" жобасын қолға алуды ұсынған болатын. 

"Қазақ жері – ежелден өркениеттер тоғысқан, дәстүрлер мен мәдениеттер біте қайнасқан мекен. Ал бүгінде Қазақстан бәрімізге ортақ, бай рухани мұраны сақтау және оны насихаттау ісіне барынша атсалысуға дайын. Осыған орай "ШЫҰ-ның киелі орындары" жобасын қолға алуды ұсынамыз. Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстандағы әлемдік маңызы бар осындай киелі орын саналады. ШЫҰ-ның "Алтын Орда және оның мұрасы" атты конференциясы аясында осы ортағасырлық сәулет өнерінің ұлы ескерткішінің таныстырылымын қасиетті Түркістан шаһарында өткізуді жоспарлап отырмыз", – деді Қазақстан басшысы.

Серіктестер жаңалықтары