Тікелей эфир

Қазақстан сарбаздары банк пен қаржы ұйымдарына 2,3 млрд теңге қарыз

Үкімет студенттер несие алса, ол туралы ата-анасына хабарлауды заңмен міндеттеуді жоспарлап отыр.

Әскери борышын өтеп жүрген 6,9 мың сарбаздың жалпы сомасы 2 265 млн теңге несиесі бары белгілі болды. Осының ішінде 872 млн теңге берешегі бар 2,4 мың қарыз алушы төлемді 90 күннен астам уақытқа кешіктіріп отыр. Осы орайда, ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов депутат сауалына берген жауапта "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" және "Микроқаржылық қызмет туралы" заңдарға өзгеріс енгізуді қолдайтынын мәлімдеді. Яғни, студенттер банк немесе микроқаржы ұйымнан несие алғанда бұл туралы міндетті түрде ата-анасына хабарланады.

"Жастар қарыз бен микронесие алған кезде бұл туралы міндетті түрде ата-анасына хабарлау туралы норманы заң жүзінде бекіту туралы ұсынысқа толықтай қолдау көрсетіледі. Агенттік мүдделі мемлекеттік органдар, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы және микроқаржы ұйымдары қауымдастығымен бірлесіп жастар алатын қарыз бен микронесие туралы ата-анасын міндетті түрде хабардар етіп отыру тетігін талқылады", – деді Әлихан Смайылов. 


Оқи отырыңыз: Өзіңізді банкрот деп танып, қарыздан құтылу үшін не білу қажет? Ең түсінікті нұсқаулық


Бүгінгі таңда "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" және "Микроқаржылық қызмет туралы" заңдарға сәйкес, банктер мен МҚҰ клиенттері, олар жасаған операциялар құпия және ешкімге жария етілмейді. Бұдан өзге "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңға сәйкес, ата-ана туралы мәліметті жинау және өңдеу үшін субъекті немесе оның заңды өкілінің келісімі талап етіледі. Осы орайда, премьер-министр кредиторлар мен Әділет министрлігінің қажет базалары біріктірілуі тиіс екеніне тоқталды. 

"Қарыз алушы мен ата-анасы деп көрсеткен адамның қарым-қатынасын тексеру үшін кредиторлар мен әділет министрлігінің кей базасын біріктіру қажет. Сондықтан ата-аналарды студентке қарыз беру туралы хабардар ету жоғарыда аталған заңдарға белгіленген тәртіппен тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін, сондай-ақ банктердің, МҚҰ жүйелерін әділет министрлігінің ақпарат базаларымен интеграциялағаннан кейін мүмкін болады", – деп қосты Әлихан Смайылов. 


Оқи отырыңыз: 2023 жылы зейнетақы жинағынан кім және қанша ақша шеше алады?


 

Серіктестер жаңалықтары