Қазақстан мен Ресейдің шекара маңындағы аудандарында 32 миллионға жуық адам тұрады және бұл аймақтар мемлекетаралық қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосып отыр. Бұл пікірді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің "Известия" басылымында жарық көрген "Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі" атты мақаласында айтты.
"Ресей Президенті Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қазақ-орыс қатынасының тарихындағы аса маңызды оқиға болмақ. Жоғары мемлекетаралық мәртебесі бар бұл сапар елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің мән-маңызы айрықша екенін көрсетеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Астанада өтетін кездесуде Ресей Президентімен бірге сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылым және техника салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты ауқымды мәселелерді талқылатанын мәлім етті. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық барысын пысықтауды жоспарланған. Сондай-ақ, қазір қатты ушығып тұрған әлемдегі ахуалға қатысты да талқылау болады.
"Біз, Қазақстан халқы, елдерімізді әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзын шекара қосып тұрғанын әрдайым есте ұстаймыз. Оны мәңгі достық пен нағыз тату көршіліктің шекарасы деп санаймыз. Екі жақтың шекара маңындағы аудандарында 32 миллионға жуық адам тұрады. Бұл да айрықша маңызды. Екі елдің аймақтары біздің мемлекетаралық қатынастарымызды нығайтуға елеулі үлес қосып отыр. Сондықтан мемлекет басшыларының Өңіраралық ынтымақтастықтың ХХ форумына бірге қатысуы осы сапар барысындағы маңызды шара болмақ. Алдағы сапар инвестиция және сауда саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға зор серпін беріп, қос халықтың игілігіне арналған бірлескен жобаларды бастауға септігін тигізеді деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз:
- Тоқаев: Еуразиялық экономикалық одақ – Еуразия кеңістігіндегі интеграцияның маңызды механизмі
- Тоқаев Ресейдің Қазақстанмен шекаралас қалаларында қазақ мектептерінің ашылуына мүдделі
- Қазақстан экономикасына құйылған ресейлік инвестиция жыл сайын өсіп келеді – Путин