Сенат Қазақстан мен Қырғызстанның елшіліктері мен елшілер резиденцияларына арналған ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялады. Құжат бойынша сәйкес, дипломатиялық нысандар 49 жыл мерзімге беріледі.
Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті арасындағы екі ел Елшіліктерінің, сондай-ақ Елшілерінің резиденцияларының мұқтаждықтары үшін Астана мен Бішкек қалаларындағы ғимараттарды және жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялау туралы" заң мақұлданды.
Сенатор Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, келісім екі мемлекеттің елшіліктері мен Төтенше және Өкілетті Елшілердің ресми резиденцияларының тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Құжатқа 2025 жылғы 22 тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапары кезінде Бішкекте қол қойылған.
Келісімге сәйкес, Астана мен Бішкектегі дипломатиялық нысандар мен жер учаскелері 49 жыл мерзімге, кейін ұзарту мүмкіндігімен өзара өтеусіз пайдалануға беріледі. Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігіне ауданы 0,75 гектар жер учаскесі, ал Қазақстан Елшісінің резиденциясы үшін жалпы ауданы 531,66 шаршы метр коттедж және оған іргелес 0,17 гектар жер бөлінеді.
Өз кезегінде Қырғызстанның Қазақстандағы Елшілігіне 0,74 гектар жер учаскесі, ал елші резиденциясы үшін ауданы 1 267,8 шаршы метр коттедж және оған іргелес 0,125 гектар аумақ беріледі. Келісімде дипломатиялық мәртебесі бар нысандарды барлық салықтар мен алымдардан босату, коммуналдық қызметтерді, байланыс пен интернетті пайдалану, жөндеу және күтіп-ұстау шығындарын қабылдаушы тараптың өтеуі, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеуге жәрдем көрсету тәртібі қарастырылған. Құжат күшіне енгеннен кейін Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасында 2005 жылғы 10 тамызда жасалған осыған ұқсас келісімнің күші жойылады.
Сенатордың сөзінше, жаңа келісім Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен өзара сенімнің жоғары деңгейін көрсететін маңызды құжат болып саналады.