Қазақстанда экспорттық және транзиттік тасымал көлемін ұлғайту, сондай-ақ қазіргі уақытта жүктеме көп түсіп тұрған "Сарыағаш – Ташкент" учаскесінің көлік кептелісін азайту мақсатында "Дарбаза – Өзбекстанмен мемлекеттік шекара" жаңа теміржол желісінің құрылысы белсенді жүріп жатыр. Жобаны іске асырумен арнайы құрылған "Дарбаза – Өзбекстанмен мемлекеттік шекара" теміржол желісі құрылысының дирекциясы" айналысуда, деп хабарлайды Integra компаниясының баспасөз қызметі.
Аталған жоба аясында жаңа көлік инфрақұрылымының негізгі нысандарының бірі – "Ердәуіт" станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жаңа инфрақұрылымдық торап
"Ердәуіт" станциясы Қазақстанның теміржол картасындағы жаңа нүктеге және "Дарбаза – Мақтаарал – Өзбекстанмен мемлекеттік шекара" желісінің маңызды инфрақұрылымдық торабына айналады. Жаңа бағыт Түркістан облысының оңтүстік аудандарын халықаралық көлік дәлізімен тікелей теміржол қатынасы арқылы байланыстырмақ.
Қазіргі уақытта станция учаскесі мен оған іргелес аралықтарда теміржол төсемін, инженерлік және өндірістік инфрақұрылымды салу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Оқи отырыңыз: LEZ жобасы: Алматыда 134 жаңа жол белгісі мен ақпараттық тақта қойылып жатыр
Жоба аясында станцияның үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін келесі нысандар бой көтеруде:
- Электрлік орталықтандыру постары;
- Техникалық қызмет көрсету пункттері;
- Әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар мен инженерлік желілер;
- Сигнализация және байланыс құрылғылары, электрмен жабдықтау нысандары;
- Пойыздар қозғалысын ұйымдастыратын және инфрақұрылымды пайдаланатын қызметкерлерге арналған қызметтік-техникалық үй-жайлар.
"Ердәуіт" станциясы пайдалануға берілгеннен кейін тәулігіне 23 жұп пойызға дейін қосымша өңдеу жоспарланып отыр. Бұл аталған бағыттың өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, халықаралық жүк тасымалының тиімділігін жаңа деңгейге көтереді.