Қазақстан мектептерінде бағалау жүйесі өзгереді. Жаңа тәртіп 1 қыркүйектен күшіне енеді

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Тоқсандық бағаның 50 пайызы күнделікті оқу нәтижесіне байланысты болады.

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінде 2-4 сынып оқушыларының білімін бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі. Бұл ретте критериалды бағалау жүйесі сақталады, ал 1-сынып оқушыларының бағалау тәртібі өзгеріссіз қалады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, бұған дейін оқушылардың оқу жетістіктері формативтік және жиынтық бағалау арқылы анықталған. Жиынтық бағалау бөлім және тоқсан бойынша бағалауды қамтыған.

Жаңа тәсілде формативтік бағалау сақталады. Алайда оның тоқсандық қорытынды бағадағы үлесі артады. Бұған дейін формативтік бағалаудың үлесі 25 пайыз болса, енді бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін көбейеді.

"Бұған дейін тоқсандық бағаны шығару кезінде оқушының күнделікті сабақта алған формативтік бағалары жалпы нәтиженің 25 пайызын құрайтын. Енді бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін артады. Яғни тоқсандық бағаның жартысы оқушының тоқсан бойындағы күнделікті сабақтағы оқу нәтижесі негізінде қалыптасады", – деді Шынар Ақпарова.

Оның айтуынша, бұл өзгеріс оқушының сабақтағы тұрақты еңбегін, тапсырмаларды орындауын және оқу мақсаттарын меңгеру деңгейін қорытынды бағалауда көбірек ескеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі.

Жаңа тәртіпке сәйкес, педагог тоқсан ішінде әр пән бойынша әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалауы тиіс.

"Мысалы, тоқсанда пән бойынша 30 сабақ өткізілсе, әр оқушы кемінде 9 сабақта формативтік балл алуы тиіс. Бұл – бағалаудың ең төменгі жиілігі. Педагог оқушыны одан да жиі бағалай алады", – деді бірінші вице-министр.

Шынар Ақпарова бұл талап оқушының біліміндегі ілгерілеуді жүйелі бақылауға және оның күнделікті еңбегін бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау